Жаңа заң қабылданды: Спортта қандай өзгеріс болмақ?

18.06.2025, 10:53

Жаңартылған заңда спорт федерацияларының мәртебесі нақтыланды

Жаңа заң қабылданды: Спортта қандай өзгеріс болмақ?
ҰОК

Қазақстанда дене шынықтыру мен спорт саласын реформалауға бағытталған жаңа заң өз күшіне енді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 15 сәуірде қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт, сондай-ақ артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң енді ресми түрде қолданысқа енгізілді.

Аталған заң жобасын Туризм және спорт министрлігі әзірлеген. Негізгі мақсат — спорт саласын жаңғырту, саясаттың тиімділігін арттыру және бюджет қаражатын тиімді әрі ұтымды пайдалану.

Бюджет лимиттері мен басым спорт түрлері

Жаңа заң аясында командалық спорт түрлеріндегі клубтарды қаржыландыруға арналған бюджет лимиттері айлық есептік көрсеткішке (АЕК) байланысты бекітілді. Бұл инфляцияны ескеруге және жыл сайынғы қысқартулардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Бүгінде елімізде басым бағыт ретінде 60-тан астам спорт түрі айқындалған. Оның ішінде 30-ға жуығы әрбір өңірде жүйелі түрде дамытылып келеді. Бұл тізімге Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада, Азия және Пара Азия ойындарына енген спорт түрлері, сондай-ақ ұлттық спорттар кіреді.

Федерациялар мәртебесі мен спортшылар құқығы

Жаңартылған заңда спорт федерацияларының мәртебесі нақтыланды. Республикалық және өңірлік бірлестіктер енді ұлттық аккредитациядан өткен федерациялар деңгейінде жұмыс істейді. Аккредитация шарттарының бірі — жергілікті федерациялардың ұлттық құрылымдарға мүше болуы.

Сонымен қатар, І топтағы мүгедектігі бар спортшылардың сүйемелдеушілерінің қызметі заңмен қорғалды. Олар жаттығу мен жарыс кезінде спортшыға көмек көрсету құқығына ие. Бұл — инклюзивті спортты дамыту бағытындағы маңызды қадам.

Басқару жүйесі мен реформа қажеттілігі

Заң аясында спорт ұйымдары басшыларын бес жылдық мерзіммен ротациялау жүйесі енгізілді. Егер белгілі бір ауданда жалғыз спорт құрылымы болса, ротация облыс ішіндегі көршілес аудан немесе қала арасында жүзеге асады.

Реформа спорт саласындағы қазіргі жағдайды терең талдау негізінде қолға алынды. Елімізде 180-нен астам спорт түрі дамып жатқанына қарамастан, халықаралық деңгейде тұрақты нәтиже беріп отырғаны — небәрі 14 жазғы және 5 қысқы олимпиадалық спорт түрі. Қаржылық шығындардың артуы мен жүйелі тәсілдің жетіспеушілігі заңнамалық өзгерістердің өзектілігін айқындады.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулану 0

Материалда:

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам