Дзюдодан әлем чемпионатында өзбектерден озып, тәжіктерден қалып қойдық

18.06.2025, 10:30

Қазақстан әзірге жалғыз күміспен шектеліп тұр

Дзюдодан әлем чемпионатында өзбектерден озып, тәжіктерден қалып қойдық
t.me/kazjudoteam

Бұл күндері Мажарстан астанасы Будапештте дзюдодан әлем чемпионаты мәреге жетуге жақын. Қазақстан әзірге жалғыз күміспен шектеліп тұр.

Sportarena.kz жазуынша, бес күнге созылған жарыстан кейін Жапония құрамасының көшбасшылық орнын ешкім тартып ала алмайтыны белгілі болды. Дзюдоның отаны саналатын Жапония құрамасы 6 алтын, 2 күміс және 3 қола медаль жеңіп алып, жарыстың аяқталуына екі күн қалғанда жалпыкомандалық бірінші орынды өзіне қамтамасыз етті.

Ал екінші және үшінші орындар үшін күрес нағыз шиеленіске айналғалы тұр. Қазір Франция, Италия, Грузия және Ресей құрамаларының еншісінде бір алтыннан бар, сондықтан бір ғана жеңіс командалардың орындарын едәуір өзгертіп жіберуі мүмкін.

Қазақстан құрамасы Абиба Әбужақынованың тарихи жетістігінің арқасында ТОП-10 құрамына еніп, 9-орында тұр. Біздің құраманың еншісінде – бір күміс медаль және екі жетінші орын бар. Бұл нәтижелерді Халықаралық дзюдо федерациясы есепке алады. Жетінші орындарды Мағжан Шамшадин мен Ғұсман Қырғызбаев еншіледі.

Осылайша, Қазақстан қазіргі сәтте Өзбекстаннан жоғары орында тұр, есесіне Тәжікстан алға кетті.

Айта кетерлігі, Өзбекстан құрамасы қазіргі таңда 20-орынға жайғасқан. Көршілес ел әзірге текі екінші орыннан аса алмады.

Ал Орталық Азия елдері арасында ең жоғары орында Тәжікстан құрамасы тұр. Нурали Эмомали керемет өнер көрсетіп күміс жүлде, ал Обида Джебовтың 66 келіге дейінгі салмақтағы қола медаль алды. Соның арқасында Тәжікстан 7-орынға көтерілді.

Бүгін жарыстар жалғасады. Ерлер арасында 100 келіге дейінгі, ал әйелдер арасында 78 келіге дейінгі салмақ дәрежелерінде дзюдошылар татамиге шығады. 19 маусым күні әлем чемпионатындағы жеке жарыстар суперауыр салмақтағы спортшылардың бәсекесімен аяқталады.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 6
Ұнамайды 0
Күлкілі 1
Ашулану 1
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам