
XXI ғасырда Киберспорт — бұл жай ғана ойын емес, бұл стратегия, реакция, шеберлік пен командалық рухты талап ететін нақты спорт түрі
Comic Con Astana 2025 фестивалі аясында 9-12 шілдеде Астанада «файтинг» жанрындағы танымал компьютерлік ойын Tekken 8 бойынша халықаралық турнир өтеді.
Орталық Азиядағы киберспорттың басты оқиғаларының бірегейі TEKKEN World Tour 2025 ресми кезеңінде 90-нан астам мықты ойыншы әлемдік финалға жолдама мен 400 000 теңге жүлде қоры үшін бақ сынасатын болады.
Турнир аясында Қазақстаннан ғана емес, көршілес елдерден де кәсіби және жартылай кәсіби ойыншылардың қатысуы жоспарлануда.
Сайыстың негізгі бағдарламасына жарыстың тікелей көрсетілімі, үздік сегіз ойыншының шешуші кезеңі, сондай-ақ про-геймерлердің қатысуымен өтетін Street Fighter 6, Guilty Gear Strive және Dragon Ball FighterZ файтинг бағыттарындағы шаралар кіреді.
Орталық Азиядағы ең ірі Tekken фанаттар қауымдастығы « Qazaqstan Tekken Fighters» қолдауымен ұйымдастырыл отырған бұл шара — киберспортты қолдайтын жас дарындарға үлкен мүмкіндік және кәсіби ойыншылармен бетпе-бет келудің тамаша алаңына айналғалы отыр.
Себебі, турнир күндері негізгі жарыстардан бөлек көрермендер көрсетілім ойындарды, шағын сайыстарды тамашалап, кәсіпқойлармен тікелей байланысқа түсе алады.
Comic Con Astana 2025 шеңберінде өтетін файтинг-турнир ерекше атмосферасымен ерекшеленетін Otaku Zone арнайы аймағында ұйымдастырылады.
Бұл кеңістік көрермендерге Азия поп-мәдениетінің сан қырлы әлемін — аниме, манга, сән, музыка және дорама бағыттарын — жан-жақты таныстыратын болады.
Яғни, Otaku Zone тек көріп-тамашалауға емес, толыққанды интерактивті тәжірибе алуға бағытталған кеңістік. Мұнда қонақтар 1000-нан астам ойынмен жабдықталған ойын кітапханасынан өзінің бала күнгі сүйікті ойынын тауып, ностальгия әлеміне қайта оралу мүмкіндігіне ие болады.
Сондай-ақ, келушілер ойындарды тек көріп қоймай, influencer-геймерлермен бірге бір командада ойнап, тікелей эфирлердің бір бөлшегі бола алады. Бұл деген тек жанкүйер болып қоймай, нағыз гейминг сахнасының қатысушысы болуға мүмкіндік деген сөз.
Біз өмір сүріп жатқан XXI ғасырда Киберспорт — бұл жай ғана ойын емес, бұл стратегия, реакция, шеберлік пен командалық рухты талап ететін нақты спорт түрі. Мұнда қатысушылар жоғары деңгейдегі дайындықтан өтіп, жарыс алаңында жеңіс үшін барын салады.
Киберспорт бүгінде бүкіл әлемде танымал. Оны миллиондаған адам тамашалайды, кәсіби ойыншылар қатысады, ал ірі компаниялар демеушілік етеді. Киберспорт — тек көңіл көтеру құралы ғана емес, бүгінде ол жаһандық деңгейдегі мәдениет пен тың мүмкіндіктер алаңы ретінде қалыптасты.
Comic Con Astana-2025 аясында өтетін файтинг-турнир — осының жарқын дәлелі.
Айта кетерлігі, Comic Con Astana 2019 жылы негізі қаланған сәттен бастап шағын жергілікті шарадан ауқымы кеңейе түсіп, қазіргі уақытта кино, анимация, комикс, видео ойын, косплей және цифрлық өнер салаларындағы мамандар мен жанкүйерлерді тоғыстыратын халықаралық платформаға айналды.
Биылғы Comic Con Astana 2025 – фестиваль тарихындағы ең ауқымды іс-шара болмақ. 5 күн қатарынан елорданың ең үлкен екі алаңында өтетін аталмыш фестиваль ТМД кеңістігіндегі поп-мәдениет саласындағы ең ірі әрі ең ауқымды шаралардың біріне айналады деп күтілуде.