
Елдос Сметов 9-орнын сақтап қалды
Халықаралық дзюдо федерациясы (IJF) Венгрия астанасы Будапештте өткен әлем чемпионатынан кейін спортшылардың жаңартылған әлемдік рейтингін жариялады.
Жаңартылған мәліметке сәйкес, қазақстандық үш дзюдошы өз салмақ дәрежелері бойынша әлемнің үздік он спортшысы қатарына енді.
Бұған дейін 48 келі салмақта өнер көрсететін Абиба Әбужақынованың (дзюдо тарихында әлем чемпионатының финалына алғаш шыққан қазақстандық әйел спортшы) рейтингте екі саты жоғарылап, 5662 ұпаймен екінші орынға жайғасқанын жазғанбыз.
Ерлер арасында Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов биыл татамиге шықпағанына қарамастан, әлемдік рейтингте 9-орнын сақтап қалды.
Сондай-ақ, Париж Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев Будапешттегі нәтижесінің арқасында бірден жеті сатыға көтеріліп, әлемнің үздік он дзюдошысының қатарына енді.
Бұдан бөлек:
• Мақжан Шамшадин (60 кг) – 19-орынға көтерілді,
• Абылайхан Жұбаназар (81 кг) – 14-орынды,
• Нұрлыхан Шархан (100 кг) – 26-орынды сақтап қалды,
• Мейірлан Максим (90 кг) – 36 сатыға жоғарылап, 41-орынға тұрақтады. Ол әлем чемпионатының 1/8 финалында жапониялық төрт дүркін әлем чемпионы Гоки Тадзимеге жол берген болатын.
Ал Ерасыл Қажыбаев (+100 кг) өз нәтижесін жеті сатыға жақсартып, әлемдік рейтингтің топ-20-сына енді.
Айта кетейік, 20 маусымда Будапештте ересектер арасындағы дзюдодан әлем чемпионаты мәресіне жетті. Жарыс қорытындысы бойынша, Қазақстан ұлттық құрамасы тарихи күміс медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте 11-орынға ие болды.