Ол үшін кешенді жоспар әзірленіп, мамандар даярланыпты
Қазан айының басында Мәжіліс депутаттары сауал жолдап, спорт саласында теріс діни идеологияның таралуына қатысты дабыл қаққан еді. Оған жауап берген үкімет салада жат ағымның кеңінен етек алуына жол бермеуге бағытталған жол картасының жобасы әзірленгенін мәлімдеді.
Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың жауабында қазір аталған мәселеге қатысты арнайы органдармен бірлескен жұмыстар атқарылып жатқаны айтылған.
«Уәкілетті орган құқық қорғау және арнайы органдармен бірлесіп, осы салада теріс ағым жетегіндегі адамдармен жұмысты күшейтуде жүйелі жұмыстар жүргізуіп жатыр. Деструктивті діни идеологияның халық арасында таралуына жол бермеу жөніндегі 2023-2024 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары әзірленіп, іске асырылуда. Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Бас прокуратура және басқа да мемлекеттік органдармен 2023-2025 жылдарға арналған спорт саласындағы деструктивті діни идеологияның таралуына жол бермеуге бағытталған жол картасының жобасы әзірленді», - деп жазылған Тамара Дүйсенованың жауабында.
Ол интернетте ақпараттық және қарсы насихат жұмыстарын ұйымдастыру мақсатында әдістемелік ұсыным әзірленіп, өңірлерге жіберілгенін айтып отыр.
«Ғылым және жоғары білім министрлігі жоғары оқу орындарында теолог-мамандарды даярлауды жүзеге асырып келеді. Сондай-ақ, «Нұр-Мүбәрак» ислам мәдениеті университеті жанында жыл сайын теологтардың біліктілігін арттыру курстары ұйымдастырылуда. Осы тұрғыда кәсіби мамандарды даярлау, теологтардың біліктілігін арттыру, оларға қойылатын талаптарды біріздендіру қолға алынады. Қазіргі уақытта дін саласындағы білім беру бойынша негізгі құжат – 14 мамандықтан тұратын «діни қызмет саласындағы кәсіби стандарт» әзірленуде. Жаңа стандарт дін саласындағы мамандардың біліктілігін арттырады және үздіксіз кәсіби дамуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Үкіметте дін мәселесі бойынша өңірлердегі теолог мамандар мен құзырлы органдардың қатысуымен кездесу өтті. Солардың ұсыныстары негізінде әзірленген Жол картасының жобасы қосымша пысықталуда», - деді Тамара Дүйсенова.
Бұған дейін Аманжол Әлтай бастаған депутаттар діни фанатизмнен төнген қауіппен тез арада күресу керектігін айтқан болатын.
«Жастарды соқыр фанатизмге, радикализмге итермелейтін жат ағымдар, әлеуметтік желіде сананы улайтын теріс уағыздар, тынысымызды тарылтып, алқымнан алып барады. Бұл ұлттық мұратымызға, тұтастығымызға төнген қауіп», - деген еді депутаттар.