ЖБ Шоу! Жаңа шығарылым!

Жазира Жаппарқұл: «Легионерлер бізден көп жалақы алатын еді»

19.07.2025, 17:54

Ол – қазақ қыздары арасынан Олимпиада жүлдесін алған алғашқы ауыратлет

Жазира Жаппарқұл: «Легионерлер бізден көп жалақы алатын еді»
скрин YouTube

Ауыр атлетикадан Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Жазира Жаппарқұл ұлттық құрамадағы легионерлердің жергілікті спортшылардан көп жалақы алғаны туралы сөз қозғады. Спортшының айтуынша ел қоржынына Олимпиада жүлдесін салғаннан кейін де ол жоғары жалақы алмаған.

«Қазір шетелден спортшы әкелуге тыйым салынып жатыр ғой. Мен спортта жүрген кезде өз елімізде туған адамға емес, басқа жақтан келгендерге басымдық берілетін.

Олар да ерігіп келген жоқ. Ақша керек, олар да отбасылы адам. Байдың баласы мұндай спортқа келмейді. Бокс, күрес, ауыр атлетикаға ауылдың қара нан жеп өскен ауыл балалары келеді.

Сол кезде шектеу болмады. Шетелден келген спортшылар бәрібір бізден көп айлық алатын еді. Олимпиададан медаль әкелсем де мен көп жалақы алмадым. Ал легионерлердің жалақысы көп еді», — деді спортшы.

Соның өзінде, Жазираға келісімшартта көрсетілген жалақыны бермеген екен. Басшылар ақшаның тапшылығын сылтауратқан.

«Жылдың басында келісімшарт жасағанда, жалақым 400 мың теңге болды. Таза қолға тиетіні – осы. Бірақ мамыр айынан соң бұл айлық екі есеге қысқарып, тек 200 мың теңге алдым. Бапкерлер мұны ақша жоқ деп түсіндірді. Ал бапкер болып жұмыс істей бастағандағы алғашқы жалақым 85 мың теңге болатын», — деді Жазира Жаппарқұл журналист Ақырыс Сейтқазының Youtube-каналында.

Айта кетейік, Жазира Жаппарқұл 2016 жылы Рио Олимпиадасында ауыр атлетикадан ел қоржынына күміс жүлде салған. Осылайша ол қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш Олимпиада ойындарының жүлдегері атанды.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулану 0
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам