Қыздар мен ерлер боксы теңеседі. Еркекшора бокшылар. Ұлттық құрамадағы интирига

Дәулет Тұрлыханов вейп пен кальянға түбегейлі тыйым салуды талап етті

24.01.2024, 12:12

Соңғы үш жылда оның сатылымы 300 есеге өскен

Дәулет Тұрлыханов вейп пен кальянға түбегейлі тыйым салуды талап етті
Instagram

Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыханов Қазақстанда вейпке түбегейлі тыйым салу туралы үкіметке сауал жолдады. Белгілі спортшы бұл орайда қоғамдағы статистиканы алға тартып, жастардың жаппай вейп тұтынатына алаңдаушылық білдірген.

«Таяуда «Қазақстан балалар қоры» жүргізген әлеуметтік сауалнама нәтижесі жарияланды. Онда апта сайын Астана мен алматылық жастардың шамамен 80 пайызы сатып алатыны айтылған. Ал оның құрамында не бар екені белгісіз. Өйткені елімізде оның құрамын зерттейтін лаборатория жоқ екен. Қаржы министрлігінің дерегінше, 2020 жылдан бері оның сатылуы 300 есеге өскен. Енді осыған заң арқылы нақты тосқауыл қойылды», - деді депутат.

Ол өз сауалында жас та, кәрі де пайдаланатын осындай электрондық темекі, синтетикалық наркотик, энергетикалық сусын секілді зиянды заттар күннен күнге көбейіп бара жатқанын атады. 

«Солардың бірі – кальян, қор-қор түтіні. Бұл да жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай көбейіп, өскелең ұрпақты аздырып барады. Бүгінде арнайы көңіл көтеретін, тамақтанатын орындарды қойып, жастар көлікке салып алып қорқорлататын жағдайға жетті. Тіпті жасөспірімдердің өзі топталып кальян шегіп, айналасын көк түтінге көмуде. Ал кальянның құрамында не бар екені, не қосып жатқаны мүлдем белгісіз. Оған темекіден бөлек түрлі ароматизаторлар, масайтатын заттар қосылатыны жасырын емес. Оған гашишь те, арақ та, коньяк та қосуы әбден мүмкін. Оны қадағалап жатқан бір жан жоқ! Соның салдарынан бүгінде отбасымызбен қоғамдық жерге барып тамақ ішу мүмкін болмай қалды. Айналамыз көк түтін, оның заңсыз екенін ескеріп жатқан кәсіпкер жоқ. Бұл – дабыл қағарлық жағдай», - деді Д.Тұрлыханов.

Кальянды қоғамдық орындарда қолдануға заң жүзінде тыйым барын атаған ол бұл норма орындалмай отырғанын жеткізді. Айтуынша, 3 жыл бойы кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге мораторий болған.  

«Кальян тартушылар тек өздерінің ғана емес, қасындағы адамдардың да денсаулығына зиянын тигізуде. Қоғамдық орындарға тынығуға барған адамдар еріксіз көрші үстелде кальян шегушілердің түтінімен тыныстауға мәжбүр. Бұған ескерту жасап, шағым айтсаңыз, кальян шегушіге әкімшілік шара қолданылып, айыппұл салынуы мүмкін. Оның көлемі небәрі 15 АЕК мөлшеріндегі сома ғана. Ал осыны ұсынып отырған кәсіпкерге ешнәрсе де болмайды. Өйткені ол заңда көзделмеген. Сондықтан бұл мәселені де жіті қарап, заңнамалық негізде тоқтау салатын кез жетті деп білемін. Әріптестерімді осыған шақырамын. Бұл ретте, Ұлттық экономика министрлігінің аталған мәселеге қатысты әрекеті мен ұстанымы көңіл көншітпейді», - деді депутат өз сауалында.

Дәулет Тұрлыханов адам денінің сау, санасының сергек, зиянды әдеттерден аулақ болуы бәрінен маңызды екенін айта келе, қоғамды кальяннан арылтып, оған мүлдем тыйым салу қажет деп есептейтінін алға тартты. 

«Осы айтылғандарды ескере отырып, келесі шараларды қолға алуды ұсынамын:

Бірінші. Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігі бірлесе отырып, барша көңіл көтеру орындарына рейд ұйымдастырып, кальянның елге кіруіне, оның тұтынылу заңдылығына тексеру жүргізуі қажет.

Екінші. Денсаулық сақтау министрлігі еліміздегі қолданылып жүрген кальянның құрамына, шығаратын түтініне сараптама жасап, оның адам денсаулығына тигізетін зияны бойынша қорытынды әзірлеуі тиіс.

Үшінші. ҚР Үкіметі елімізде кальянды қолдануға мүлдем тыйым салуды және оны бұзғандарға едәуір жауапкершілік тағайындауды көздейтін заң жобасын әзірлеуі қажет», - деді Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыханов.

Материалда:

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам