
Спортшының есімі Алматының Бостандық ауданындағы 7-ші көшеге беріледі
Алматы қаласы мәслихатының XXXIV сессиясында мәнерлеп сырғанаудан Қазақстанның даңқты спортшысы, Олимпиада жүлдегері Денис Теннің есімі қала көшелерінің біріне берілетіні ресми түрде жарияланды. Бұл туралы қалалық әкімдік жанындағы тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің басшысы Бақыт Қалымбет мәлімдеді.
Спортшының есімі Алматының Бостандық ауданындағы 7-ші көшеге беріледі. Аталған көше президент саябағының жоғарғы жағында, Үлкен Алматы өзенінің бойында орналасқан, ұзындығы шамамен 800 метр. Қайта атау жұмыстары 2025 жылға арналған жол картасы аясында жүзеге асуда. Бұл құжат бойынша мегаполистегі 156 атаусыз көшеге атау беру қарастырылған.
Денис Тен спорттық мансабында зор табыстарға жетті:
2014 жылғы Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері,
2013 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері,
2015 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері,
2015 жылғы төрт құрлық чемпионатының жеңімпазы,
VII қысқы Азия ойындарының чемпионы,
Қазақстанның бес дүркін чемпионы.
Айта кетейік, Денис Тен 1993 жылы Алматыда дүниеге келген. 2018 жылы 19 шілдеде пышақ жарақатынан ауруханада қайтыс болды.