Жансель Дениз Сингапур құрамасында бапкерлік мансабын бастады
Қазақстандық таеквондошы Жансель Дениз Сингапур құрамасында бапкерлік мансабын бастады. Оның алғашқы ресми жарысы 24-30 қазан аралығында Қытайдың Уси қаласында өткен таеквондодан әлем чемпионаты болды.
Бұл додаға Қазақстан да қатысып, Нодира Ахмедова мен Айдана Құмартаева екі қола медаль жеңіп алған болатын. Ал Сингапур құрамасы жаңа бапкердің жетекшілігімен мынадай нәтижелерге қол жеткізді:
54 кг - Кестон Панг: бірінші жекпе-жекте жеңілді;
63 кг - Реган Чин: бірінші жекпе-жекте жеңілді;
53 кг - Ничель Тан: бірінші жекпе-жекте жеңілді.
Айта кетсек, Сингапур құрамасы соңғы рет әлем чемпионатына 2017 жылы (Муджу, Оңтүстік Корея) қатысқан еді. Құраманың келесі жарысы Оңтүстік-Шығыс Азия ойындары болмақ, аталған аламан 9-20 желтоқсан аралығында өтеді.
Жансель Дениз туралы
Туған күні: 1991 жылғы 26 тамыз
Туған жері: Степногорск, Ақмола облысы
Азаматтығы: Қазақстан - Түркия - Қазақстан
Салмақ дәрежесі: +67 кг (олимпиадалық рейтинг) / -73 кг (әлемдік рейтинг)
Спорттағы атағы: Халықаралық дәрежедегі спорт шебері
Жетістіктері:
Қазақстан атынан: Универсиада финалисі (2017), Азия ойындарының финалисі (2018), Азия чемпионаттарының екі дүркін финалисі (2021, 2022), клубтық Азия чемпионатының финалисі (2022), Азия ойындарының қола жүлдегері (2023).
Түркия құрамасында: көптеген халықаралық турнирдің жүлдегері.
Олимпиада қатысушысы: Рио-2016 (1-айналымда), Токио-2021 (1/4 финалда).
Жансель Дениз соңғы жылдары Қазақстанға оралып, Атырау облысы мен Алматы сапында өнер көрсеткен болатын.