ЖБ Шоу! Жаңа шығарылым!

Елдос Сметовтің басты қарсыласы Такато Кодокан кубогында жеңіліп қалды

07.11.2025, 16:48

Наохиса Такато ұзақ жылдар бойы 60 келіде күресіп келе жатыр

Елдос Сметовтің басты қарсыласы Такато Кодокан кубогында жеңіліп қалды
olympic.kz

Елдос Сметовтің басты қарсыласы Наохиса Такато ұзақ үзілістен кейін татамиге қайта оралды. Жапонияда Кодокан кубогында 60 келіде күрескен ол турнирді жүлдесіз аяқтауға мәжбүр болды.

Токио Олимпиадасының чемпионы алғашқы кездесуін жеңіспен аяқтағанымен, екінші айналымда қарсыласына ваза-ари ұпайымен жол берді. 32 жастағы танымал балуан бұл кездесуде юко ұпайын еншілеген еді. Алайда шешуші сәтте қарсыласы оны сан соқтырып кетті.

Наохиса Такато ұзақ жылдар бойы 60 келіде күресіп келе жатыр. Ол Рио Олимпиадасында қола жүлдегер атанса, Токиода топ жарды. Алайда 2023 жылы өткен Токио Гранд Слэмінде өзінің құрамадағы басты қарсыласы Рюджи Нагаямадан жеңіліп, Париж Олимпиадасына қатысу мүмкіндігінен айрылған еді.

Ол өзінің табысты мансабында қазақстандық Елдос Сметовпен көптеген жарыстарға бірнеше рет кездесті. Сондай-ақ, ол әлем чемпионатында 4 рет топ жарса, 1 рет қола жүлдеге ие болған. Сонымен бірге, 2021 жылы Бішкекте өткен Азия чемпионатында үздік шықты.

Париж Олимпиадасынан кейін ол Елдос Сметовтің жарыс жолына өзі сыйлаған кимононы киіп шыққанын айтқан еді. Жапон балуанының бұл сөзін Сметов те растап, жарыс алдында ақ және көк түсті кимоносын арнайы беріп жібергенін атады.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 2
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулану 0
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам