Енді ол негізгі кезең жолдамасына таласады.
Қазақстандық теннисші, әлемнің 71-ракеткасы Юлия Путинцева 2026 жылғы алғашқы ресми ойынында жеңіске жетіп, маусымды сәтті бастады.
Қазақстанның екінші ракеткасы Брисбенде (Аустралия) өтіп жатқан WTA 500 санатындағы турнирдің іріктеу кезеңінде өнер көрсетіп жатыр. Іріктеудің жартылай финалында Путинцева жергілікті теннисші, әлемдік рейтингіде 119-орында тұрған Присцилла Хонды екі сетте жеңді - 6:4, 6:3.
Енді негізгі кезеңге жолдама алу үшін Юлия Оливия Гадецки (Аустралия, 206-орын) мен Анастасия Захарова (Ресей, 107-орын) жұбының жеңімпазымен кездеседі.
Айта кетейік, Брисбендегі турнирдің негізгі кезеңі 4-11 қаңтар аралығында өтеді. Жарыстың жалпы жүлде қоры 1 206 446 АҚШ долларын құрайды. Турнирдің қазіргі чемпионы - Беларусь өкілі, әлемнің бірінші ракеткасы Арина Соболенко.