Жарыс 1 ақпанға дейін жалғасады.
Аустралияның Мельбурн қаласында Australian Open-2026 жарысының жекелей сындағы жеребесі тартылды. Осылайша, қазақстандық теннисшілер маусымның алғашқы «Үлкен дулыға» турниріндегі қарсыластарын білді.
Ерлер арасындағы жекелей сында Қазақстан намысын Александр Бублик пен Александр Шевченко қорғайды. ATP рейтингінде 10-орында тұрған Бублик алғашқы айналымда АҚШ өкілі, әлемнің 48-ракеткасы Дженсон Бруксбиге қарсы кортқа шығады. Ал рейтингте 104-орында тұрған Шевченконың қарсыласы кейінірек белгілі болады – ол іріктеу кезеңінен өткен теннисші немесе «лаки-лузер» болуы мүмкін.
Әйелдер арасындағы жекелей жарыста қазақстандық жанкүйерлердің басты үміті – әлемнің бесінші ракеткасы Елена Рыбакина. Ол турнирді Словакия өкілі, WTA рейтингінде 97-орында тұрған Кая Юванға қарсы матчпен бастайды. Ал әлемнің 105-ракеткасы Юлия Путинцева бірінші айналымда бразилиялық Беатрис Аддад Майямен (WTA №59) кездеседі.
Сондай-ақ арнайы шақырту (wild card) арқылы негізгі торға енген Зарина Дияс үшін алғашқы кездесу аса қиын сынақ болмақ. Оның қарсыласы – әлемнің 25-ракеткасы, Испания өкілі Паула Бадоса.
Australian Open-2026 турнирі 1 ақпанға дейін жалғасады. Жекелей сында чемпион атағын италиялық Янник Синнер мен АҚШ өкілі Мэдисон Киз қорғайды.