Жаңа ЖБ Шоу! Қайрат - Брюгге!

Australian Open чемпионы Рыбакинаның келесі жарысы белгілі болды

03.02.2026, 17:03

Дубайдағы дода 15–28 ақпан аралығында ұйымдастырылады

Australian Open чемпионы Рыбакинаның келесі жарысы белгілі болды
instagram.com/ lenarybakina

Қазақстандық теннисші, әлемнің үшінші ракеткасы Елена Рыбакина Australian Open-2026 турниріндегі жарқын жеңісінен кейінгі алғашқы жарысын таңдады. Ол Дубайда (БАӘ) өтетін WTA 1000 санатындағы турнирге қатысады.

Дубайдағы дода 15–28 ақпан аралығында ұйымдастырылады. Бұл турнир Рыбакина үшін Мельбурнда чемпион атанғаннан кейінгі алғашқы ресми бәсеке болмақ. Айта кетейік, Елена бұған дейін Абу-Дабиде өтетін WTA 500 жарысына қатыспау туралы шешім қабылдаған.

Турнирдің ұйымдастырушылары Рыбакинаның қатысуын ресми түрде растады. Dubai Duty Free компаниясының басқарушы директоры әрі ұйымдастыру комитетінің төрағасы Рамеш Сидамби қазақстандық теннисшінің Дубайға қайта оралуына ерекше қуанышты екенін жеткізді.

- Еленаны құттықтаймыз. Оның осы айда Дубайға қайта келетінін естігенімізге өте қуаныштымыз. Мельбурннан кейін әлемдік рейтингтің алғашқы жиырмалығындағы теннисшілердің түгелге жуығы осы турнирге қатысады. Бұл жанкүйерлер үшін – бір жерде әлемнің басты жұлдыздарын көруге таптырмас мүмкіндік. Ал спортшылар үшін корттағы деңгейін тағы бір сынап, мықтылармен матч өткізуге үлкен мүмкіндік, – деді ол.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Рыбакинаның бұл жарысқа келуі олардың өздері үшін де маңызды. Себебі Елена 2020 жылы Дубай турнирінің финалына дейін жеткен, әрі қазіргі таңда Дубайда тұрып, сонда жаттығады.

Айта кетейік, Дубайдағы әйелдер турнирі WTA 1000, ал ерлер додасы ATP 500 санатына жатады. Әйелдер арасында бұл турнирдің қазіргі чемпионы — ресейлік Мирра Андреева, ал ерлер арасында өткен жылы трофейді грек теннисшісі Стефанос Циципас жеңіп алған.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулану 0
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам