Маман Еленаның бабында екенін айтады.
Теннистен Қазақстан ерлер құрамасының капитаны Диас Досқараев Елена Рыбакинаның алдағы жоспары туралы айтты. Отандық теннисші Абу-Дабидегі аламаннан бас тартып, Катарда өтетін турнирде бақ сынайды.
– Елена Рыбакинаның Қазақстан теннисінің дамуына қосқан үлесін сөзбен жеткізу қиын. Елена – тек чемпион емес, ол тұтас бір буынға мотивация сыйлаған тұлға. 2022 жылғы Уимблдондағы жеңісінен кейін елімізде қаншама бала тенниске келді. Сол кезден бастап барлық өңірдегі теннис орталықтарында топтар лық толды. Бес-алты жастағы қыздардың өзі «Елена сияқты боламын» деп келеді. Ата-аналар қоңырау шалып, «орын жоқ па?» деп сұрайды. Кейбірі секцияға кіру үшін екі-үш айлап кезек күтті. Биылғы жеңісінен соң тенниске деген махаббат бұдан да арта түседі деп ойлаймын.

Фото: Қазақстан теннис федерациясы
– Елена Рыбакинаның денсаулығына қатысты мәселе көп талқыланды. Елена бір жылдан астам уақыт бойы жарақатын емдеді, біраз жарыстан бас тартты. Бапкерлермен қарым-қатынасына қатысты түрлі сөздер айтылды. Қазіргі жағдайы қалай?
– Елена 2023-2024 жылдары екі рет COVID-пен ауырды, иммундық жүйесі қатты әлсіреді. Оған қоса, жарақаттар болды, ұзақ уақыт ойнамай қалды. Мұның бәрі физикалық қана емес, психологиялық тұрғыда да оңай соққан жоқ. Жапонияға қарсы мачта командалық жарысқа да қатыса алмады, бронхиті асқынып кеткен еді. Мұның бәрі ауыр соққы боп тиген секілді.
2025 жылы ол өзін толықтай жинап, денсаулығына басымдық берді. Соңғы бес-алты турнирдегі нәтижесі соның дәлелі. Былтыр Қорытынды турнирде топ жарды, ал дайындық жұмыстарын Дубайда сәтті өткізді. Қазір бабында екенін көрдіңіздер.
Менің ойымша, Australian Open-де де ол осы қарқынын жалғастыра алады. Ұпай жинауға мүмкіндік бар, енді рейтингте бірінші орынға шықса екен деген тілегіміз бар.
– Әлемнің бірінші ракеткасы болу нақты мақсат па?
– Әрине, бұл – кез келген теннисшінің арманы. Әрине, Олимпиада ойындарында топ жару, Үлкен дулыға турнирлерін ұтудың орны бөлек. Бірақ әлемнің бірінші ракеткасы болу – спортшының чек-листіндегі ең жоғары мақсат.
Қазір ұпай жағынан қарасақ, Арина Соболенкомен айырмашылық өте үлкен. Бірақ Ига Швентекпен арасын бірнеше жүздеген ұпай бөліп тұр. Сондықтан Еленаның көздеген межесіне жетуіне мүмкіндігі бар. Ол сол үшін Абу-Дабидегі 500 ұпай беретін турнирге қатыспай, Катарда 1000 ұпайлық жарысқа барады. Өте дұрыс шешім деп ойлаймын.
Елена – Үлкен дулығаны екі рет ұтқан теннисші. Бірақ Қазақстан тарихында әлі әлемнің бірінші ракеткасы болған ойыншы жоқ. Өз басым елімізден сондай теннисші шықса екен деп армандаймын. Бірақ денсаулық бәрінен жоғары тұрады. Егер денсаулығы дұрыс болса, қалғаны өз ретімен келеді.