Eisenhower Health ұйымының аға вице-президенті Дэвид Ренкер спортшының белінен ұстамақ болған
Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Индиан-Уэллсте өткен көрме турнирі – «Кубок Эйзенхауэр» марапаттау рәсіміндегі ыңғайсыз жағдайдан кейін қызу талқыға түсті.
Рыбакина америкалық Тейлор Фритцпен бірге аралас жұптық сында чемпиондық атағын қорғап, финалда Аманда Анисимова мен Лернер Тьен дуэтін жеңді. Жеңімпаздарға 200 мың доллар көлемінде сыйақы табысталды.
Алайда жанкүйерлер назарын марапаттау сәтіндегі жағымсыз эпизод аударды. Дәстүрлі фотосессия кезінде ұйымдастырушылардың бірі – Eisenhower Health ұйымының аға вице-президенті Дэвид Ренкер спортшының белінен ұстамақ болған. Рыбакина оның қолын сабырмен ысырып тастаған соң, Ренкер бірден кейін шегінді.
Оқиға әлеуметтік желілерде кең таралып, қолданушылар арасында қызу пікірталас тудырды. Кейбірі функционердің әрекетін орынсыз деп бағалады. Ал Рыбакинаның қазіргі жаттықтырушысы Стефано Вуковқа қатысты бұрын тараған әңгімелер де қайта қозғалды. Дегенмен теннисші бұған дейін бапкеріне тағылған айыптарды жоққа шығарған еді. «Кубок Эйзенхауэрдегі» жағдайға қатысты әзірге Елена Рыбакина да, Дэвид Ренкер де пікір білдірген жоқ.