Кездесу тағдыры үш сетте шешілді.
Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик (әлемнің 10-ракеткасы) АҚШ-тың Индиан-Уэллс қаласында өтіп жатқан ATP Masters 1000 турниріндегі жарыс жолын аяқтады.
Қазақстандық теннисші үшінші айналымда күтпеген жерден аустралиялық Ринки Хиджикатадан (әлемнің 117-ракеткасы) жеңіліп қалды. Матч тағдыры үш сетте шешілді - 7:6, 6:7, 3:6.
Екі жарым сағатқа созылған матч барысында Бублик 19 эйс жасап, бес қос қателікке жол берді. Ал оның қарсыласы сегіз эйс тіркеп, үш қос қателік жіберді.
Осы кездесуден кейін теннисшілер арасындағы жеке есеп 1:1 болып теңесті.
Айта кетейік, Ринки Хиджиката турнирдің ширек финалына жолдама алу үшін келесі айналымда британиялық Кэмерон Норримен (әлемнің 29-ракеткасы) кездеседі.