Жаңа ЖБ Шоу! Қайрат - Брюгге!

«Біз көздеген нәтиже емес»: Рыбакина финалдағы жеңілісінен соң мәлімдеме жасады

Бүгін, 02:01

Матч тағдыры үш сетте шешілді.

«Біз көздеген нәтиже емес»: Рыбакина финалдағы жеңілісінен соң мәлімдеме жасады
WTA

Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина АҚШ-тың Индиан-Уэллс қаласында өткен беделді турнирдің финалында әлемнің бірінші ракеткасы Арина Соболенкоға жол берді.

Шешуші кездесу үш сетке созылып, 6:3, 3:6, 6:7 есебімен белорус теннисшісінің пайдасына аяқталды. 

Финалға дейін қазақстандық спортшы бірнеше мықты қарсыласын жеңді. Ол бұл жолда Хейли Баптист, Марта Костюк, Сонай Картал, сондай-ақ Джессика Пегула мен Элина Свитолина секілді теннисшілерді тізе бүктірді. 

Ал финалдан соң қазақстандық теннисші жанкүйерлерге, ұйымдастырушыларға және командасына алғысын білдірді.

«Ең алдымен осы турнирді ұйымдастырған жандардың барлығына алғыс айтқым келеді. Соңғы бірер аптада осы жерде ойнағаныма қуаныштымын. Финал өте ауыр әрі тартысты өтті. Арина Соболенконы жеңісімен, чемпиондық атағымен құттықтаймын. Алдағы уақытта да осындай жоғары деңгейдегі матчтарда жиі кездесеміз деп үміттенемін.

Сондай-ақ командама рахмет айтқым келеді. Әрине, бұл біз көздеген нәтиже емес, енді алдағы турнирлерде бұдан да жақсы ойын көрсетуге тырысамыз.

Турнир барысында ерекше атмосфера қалыптастырған жанкүйерлерге де шексіз алғысымды білдіремін. Отбасыма, мені қолдап жүрген барша жандарға рахмет!» – деді Рыбакина матчтан кейінгі сөзінде.

Айта кетейік, Рыбакина бұл жарыста бұған дейін 2023 жылы топ жарған болатын.

Ал Арина Соболенко Indian Wells Open турнирінде алғаш рет чемпион атанып отыр. Бұған дейін ол екі рет финалға шыққанымен, жеңіске жете алмаған еді. 2023 жылы дәл осы жарыс финалында Рыбакинадан жеңілсе, 2025 жылы ресейлік Мирра Андрееваға жол берген.

Сонымен қатар осы жеңісі арқылы Соболенко Рыбакинамен өткен финалдардағы сәтсіз сериясын үзді. Бұған дейін Беларусь теннисшісі қазақстандық спортшыдан қатарынан төрт финалда жеңілген болатын.

Бұл сәтсіздікке қарамастан Елена Рыбакина WTA-дің жаңартылған рейтингінде екінші орынға көтеріледі. Бұл – қазақстандық теннисшінің мансабындағы ең үздік көрсеткіш.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулану 0
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам