23 дүркін «Үлкен дулыға» чемпионы қайтадан кортқа оралады
Теннис тарихындағы ең атақты спортшылардың бірі, 23 дүркін «Үлкен дулыға» турнирлерінің чемпионы әрі әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы Серена Уильямс кәсіби жарыстарға қайта оралмақ.
44 жастағы америкалық теннисші Лондонда өтетін WTA 500 санатындағы турнирге арнайы шақырту алды. Уильямс жарыстың жұптық сынында өнер көрсетеді.
Турнир 8-14 маусым аралығында өтеді.
«Queen's Club – мансабымдағы жаңа тарауды бастау үшін тамаша орын секілді. Шөп төсенішінде мен спорттық жолымдағы ең маңызды сәттерді бастан өткердім. Сондықтан осы спорттың ең әйгілі ареналарының бірінде қайта жарысқа қатысатыныма қуаныштымын», — деді Уильямс турнирдің ресми сайтына берген пікірінде.
Бұған дейін Серенаның жарыста 19 жастағы канадалық теннисші Виктория Мбокомен жұп құруы мүмкін екені хабарланған болатын.
Айта кетейік, Серена Уильямс соңғы рет 2022 жылы АҚШ ашық чемпионатында кортқа шығып, жекелей сында үшінші айналымға дейін жеткен еді. Енді аңыз теннисші төрт жылға жуық үзілістен кейін жанкүйерлерін қайта қуантпақ.