Елена Рыбакина Уимблдондағы сәтсіздігінен кейін мәлімдеме жасады
Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Уимблдон-2026 турниріндегі күтпеген жеңілісінен кейін өз ойымен бөлісіп, қазіргі ойынына көңілі толмайтынын айтты.
Әлемнің екінші ракеткасы екінші жыл қатарынан «Үлкен дулыға» санатындағы турнирдің үшінші айналымында жарыс жолынан шығып қалды. Биылғы Уимблдонда қазақстандық теннисші бельгиялық Элизе Мертенске 6:7 (4:7), 1:6 есебімен есе жіберді.
Матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында Рыбакина бірінші сетте брейк жасауға бірнеше мүмкіндік болғанын, алайда өз геймдерін оңай жоғалтып алғанын айтты.
«Бірінші сетте брейк жасауға мүмкіндіктерім жеткілікті болды. Бірақ өз беруімді өте оңай жіберіп қойдым. Матч бойы қос қателіктер көп болды. Бірінші беруім де ойдағыдай шықпады. Энергиям да көбірек болуы керек еді. Жалпы, көңілім толмайтын тұстар өте көп», – деді қазақстандық теннисші.
Ол соңғы апталарда өзінің үздік ойынын көрсете алмағанын мойындап, мұның нақты себебін әзірге білмейтінін жеткізді.
«Егер мұны қалай түзету керектігін білсем, дәл қазір мұндай жағдайда болмас едім. Кейде осындай кезеңдер болады. Соңғы екі аптада өз деңгейімде ойнай алмадым. Жаттығуларымды жақсы өткіздім. Бұған уақыт та болды, өйткені алдыңғы турнирлерде ерте ұтылып қалдым. Бірақ бұл нәтиже бермеді. Енді бәрін саралап, өзгеріс енгізу керек», – деді Рыбакина.
Теннисші сондай-ақ матч барысында денсаулығына қатысты ешқандай мәселе болмағанын, бірақ алдағы уақытта біраз тынығып алуды жоспарлап отырғанын айтты.
Айта кетейік, Уимблдондағы ерте жеңілістен кейін Елена Рыбакина әлемнің бірінші ракеткасы атану мүмкіндігін жіберіп алды. Ол WTA рейтингіндегі екінші орнын сақтап қалды. Көш басында Арина Соболенко тұр.