ҚПЛ 20-тур: Ордабасы көшбасшы болды. Ақтөбе қазақ бапкерлерге неге сенбейді? Қайрат ЛЧ-ге дайын

«Жүрудің өзі ауыр»: Рыбакина жарақаты туралы ашық айтты

Бүгін, 09:03

Рыбакина Швентекке қарсы ширек финалды 1:4 есебінде тоқтатуға мәжбүр болды

«Жүрудің өзі ауыр»: Рыбакина жарақаты туралы ашық айтты
Clive Brunskill / Getty Images

Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Цинциннатидегі WTA 1000 турнирінің ширек финалында Ига Швентекке қарсы матчты неге жалғастыра алмағанын түсіндірді.

Әлемнің екінші ракеткасының айтуынша, жарақат оны біраз уақыттан бері мазалап жүрген. Алайда соңғы турнирлердегі тығыз кесте мен бірнеше ауыр матчтан кейін ауырсыну күшейген.

«Әрине, қазір өзімді жақсы сезініп тұрған жоқпын. Допты ойынға қосқанда аяғыммен дұрыс серпіле де алмадым. Жүрудің өзі ауыр. Ертең МРТ-дан өткеннен кейін нақтырақ белгілі болады», – деді Рыбакина.

Қазақстандық теннисші бұл мәселенің бұрыннан мазалап жүргенін атап өтті.

«Бұл жарақат мені біраз уақыттан бері мазалап жүр. Белгілі бір кезеңге дейін бәрі бақылауда болды. Бірақ Канадада көп матч өткіздім, кейін осында келіп, тағы қатарынан бірнеше кездесу ойнадым. Магдалена Фрехпен матч жаңбырға байланысты бірнеше рет тоқтатылды. Сол кездесуден кейін ауырсынуды қаттырақ сезіне бастадым. Сондықтан келесі күнді толығымен демалысқа арнадым», – деді ол.

Рыбакинаның сөзінше, Швентекпен кездесудің алдында жағдайы қалыпты болған. Алайда ойын кезінде жасаған бір сәтсіз қимылдан кейін жарақаты қайта сыр берген.

«Матч алдында өзімді жақсы сезіндім. Өкінішке қарай, бір сәтсіз қозғалыс, бір дұрыс түспеген қадамнан кейін бірдеңе болды», – деп түсіндірді теннисші.

Рыбакина Швентекке қарсы ширек финалды 1:4 есебінде тоқтатуға мәжбүр болды. Осы нәтижеден кейін қазақстандық спортшы Цинциннати турнирінің қорытындысы бойынша әлемнің бірінші ракеткасы атану мүмкіндігінен айырылды.

Кейбір БАҚ Рыбакинаның Ахилл сіңіріне зақым келуі мүмкін екенін жазды. Алайда теннисшінің өзі нақты диагноз әлі қойылмағанын айтып отыр. Жарақаттың сипаты мен қаншалықты ауыр екені МРТ тексеруінен кейін белгілі болмақ.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам