Былтыр ол Нью-Йорктегі жасөспірімдер турнирінде жартылай финалға дейін жеткен
Қазақстандық теннисші Заңғар Нұрланұлы жарақатына байланысты биылғы US Open турниріне қатыса алмайтынын мәлімдеді. 18 жастағы спортшы бұл шешімді қабылдау өзіне оңай болмағанын әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
«Өкінішке қарай, биыл жарақатыма байланысты US Open турниріне қатыспаймын. Бұл – менің сүйікті «Үлкен дулыға» турнирім, сондықтан мұндай шешімді қабылдау өте қиын болды. Ұзақ дайындалдым және бұл жарысты асыға күттім. Бірақ қазір ең бастысы – қалпыма келіп, кортқа бұрынғыдан да мықты болып оралу», – деді Нұрланұлы.
Заңғар үшін US Open ерекше жарыстардың бірі. Былтыр ол Нью-Йорктегі жасөспірімдер турнирінде жартылай финалға дейін жетіп, мансабындағы ең ірі нәтижелерінің біріне қол жеткізген еді.
Қазақстандық теннисші 2026 жылғы Australian Open жасөспірімдер турнирінде де үздік төрт ойыншының қатарына енді. Осылайша ол қатарынан екі «Үлкен дулыға» додасында жартылай финалға дейін жетіп, Қазақстан теннисінің ең перспективалы жас ойыншыларының бірі екенін көрсетті.
Нұрланұлы соңғы жылдары жасөспірімдер арасындағы ITF жарыстарында бірнеше титул жеңіп, біртіндеп ересектер арасындағы кәсіби турнирлерге де қатыса бастады.
Әзірге теннисші жарақатының нақты сипаты мен кортқа оралатын мерзімін жариялаған жоқ. Оның айтуынша, қазіргі басты міндеті – толық қалпына келу.