Рыбакина жыл сайын белгілі бір уақытын Словакияда өткізіп, турнирлерге дайындалады
Словакия президенті Петер Пеллегрини әлемнің бірінші ракеткасы Елена Рыбакинаны Президент сарайында қабылдады.
Мемлекет басшысы Қазақстан теннисшісін US Open турниріндегі жеңісімен және WTA рейтингінің көшін бастауымен құттықтады.
«Әйелдер теннисіндегі қазіргі әлемнің бірінші ракеткасы соңғы алты жылдан бері Словакияны өз үйі санайтынын білесіздер ме? Елена Рыбакина халықаралық аренада Қазақстан атынан өнер көрсеткенімен, Словакия оның екінші үйіне айналды», — деп жазды Пеллегрини әлеуметтік желідегі парақшасында.
Оның айтуынша, Рыбакина жыл сайын белгілі бір уақытын Словакияда өткізіп, әлемдегі ірі турнирлерге осы елде дайындалады. Президент мұның Словакияны теннисшінің спорттық жолындағы маңызды орынға айналдырғанын атап өтті.
«Оны Президент сарайында қарсы алып, US Open-дегі жетістігімен жеке құттықтау мен үшін үлкен мәртебе болды», — деді Петер Пеллегрини.
Рыбакина Нью-Йорктегі турнирдің финалында Беларусь өкілі Арина Соболенконы 6:4, 5:7, 6:2 есебімен жеңді. Осы жетістігінің арқасында ол мансабында алғаш рет WTA рейтингінің бірінші сатысына көтерілді.
US Open-дегі жеңіс Рыбакинаның «Үлкен дулыға» турнирлеріндегі үшінші және биылғы Australian Open-нен кейінгі екінші атағы болды.
Елена Рыбакина 2018 жылдан бері халықаралық жарыстарда Қазақстан атынан өнер көрсетіп келеді.