WTA 2027 жылы қаржысыз қалуы мүмкін
Әйелдер теннисі қауымдастығы (WTA) қаржылық қиындыққа тап болды. Ұйымның болжамына сәйкес, 2026 жылдың соңында оның шоттарында шамамен 15 млн доллар ғана қалуы мүмкін, деп хабарлайды The Telegraph.
Ал жылдық операциялық шығын 23 млн долларға жетеді. Осы үрдіс сақталса, ұйымның қаражаты 2027 жылдың күзіне қарай толық таусылуы ықтимал.
The Telegraph басылымының мәліметінше, WTA директорлар кеңесінің жаңа төрайымы Валери Камилло шығындарды айтарлықтай қысқартуды жоспарлап отыр. Қауымдастық үшін негізгі мәселелердің бірі – CVC Capital Partners инвестициясының аяқталуы. Компания 2023 жылдан бері әйелдер теннисіне 150 млн доллар инвестициялап, WTA Ventures-тің 20 пайыз үлесін алған. Келісім аясындағы соңғы төлем 2027 жылы түседі.
WTA-ның қаржылық есебі де жағдайдың күрделі екенін көрсетеді. 2024 жылы ұйым 142,6 млн доллар табыс тапқанымен, шығыны 147,5 млн доллар болған. Нәтижесінде жылды 4,9 млн доллар шығынмен аяқтаған. 2018-2024 жылдар аралығында WTA тек бір маусымды пайдамен өткізген.
Қаржылық қысымға әйелдер мен ерлер арасындағы жүлде қорының теңдігін қамтамасыз етуге жұмсалатын шығын да әсер етеді. The Telegraph дерегінше, WTA бұл мақсатқа жыл сайын шамамен 34 млн доллар бағыттайды.
Бұған дейін WTA коммерциялық активтерін ATP-мен біріктіру мәселесін қарастырған. Алайда екі ұйым активтерді бөлу шарттары бойынша келісімге келе алмай, 2026 жылдың жазында келіссөздерді тоқтатты.
Егер қаржылық жағдай жақсармай, WTA қаражаты таусылса, ұйым АҚШ заңнамасына сәйкес банкроттықты қайта ұйымдастыру рәсіміне жүгінуі мүмкін. Мұндай жағдайда турнирлердің өзі тоқтап қалмайды, өйткені олардың басым бөлігі WTA-ға емес, жеке ұйымдастырушыларға тиесілі. Алайда жүлде қорына берілетін субсидиялар, турнирлерді қолдау, медициналық және басқа да бағдарламалар қысқартылуы мүмкін.