Путинцева Уханьда америкалық теннисшіні жеңіп, негізгі кезеңге шықты

Юлия Путинцева Ухандағы WTA 1000 турнирінің негізгі кезеңіне жолдама алды

ҚТФ
ҚТФ

Қазақстандық теннисші Юлия Путинцева Қытайдың Ухань қаласында өтіп жатқан WTA 1000 санатындағы турнирдің іріктеу кезеңін сәтті аяқтады. Отандасымыз шешуші матчта америкалық Эшлин Крюгерді жеңіп, жарыстың негізгі кезеңіне жолдама алды.

Әлемдік рейтингте 82-орында тұрған Путинцева іріктеудің финалында WTA рейтингінің 73-сатысындағы Эшлин Крюгермен кездесті. Америкалық теннисші іріктеу кезеңінде 12-нөмірмен тіркелген еді.

Қазақстандық спортшы қарсыласына мүмкіндік бермей, кездесуді екі сетте аяқтады – 6:1, 6:3. Матч 1 сағат 17 минутқа созылды.

Осылайша, Юлия Путинцева іріктеудің екі кезеңінен өтіп, Уханьдағы беделді жарыстың негізгі сеткасында өнер көрсету құқығына ие болды.

WTA 1000 санатындағы турнир 12-18 қазан аралығында өтеді. Қазақстандық теннисші енді негізгі кезеңде қарсыластарымен кездесіп, жарыстағы жолын жалғастырады.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам