Александр Бублик Алматыдағы жарақаты туралы айтты
Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик Almaty Open турнирінің жартылай финалында тізесінен жарақат алып, матчты жалғастыра алмағанына қатысты пікір білдірді.
Теннисшінің айтуынша, дәрігерлер ойнауға тыйым салғанымен, ол жанкүйерлер үшін кортқа шығуға тырысқан.
Бублик Даниил Медведевке қарсы кездесуге дейін қажетті медициналық шаралардың бәрінен өткен. Алайда матч басталуына 20 минут қалғанда дәрігерлер оның ойнауына рұқсат бермеген.
«Корттан шыққан соң, ертең жүру үшін балдақ қажет болуы мүмкін екенін түсінесің. Алматыда сирек ойнаймын, сондықтан жанкүйерлерге өз ойынымды көрсетіп, қолдауына жауап бергім келді. Тізем үшін қолымнан келгеннің бәрін жасадым. Кем дегенде бірнеше гейм ойнағым келді, ақырында бір сет өткізе алдым», – деді теннисші.
Ол жарақаты туралы Медведевпен матч алдында сөйлеспегенін де атап өтті. Бубликтің сөзінше, қарсыластар арасында мұндай мәселелерді алдын ала талқылау дұрыс емес әрі ережеге қайшы.
Қазақстандық спортшының айтуынша, жарақат шамадан тыс жүктемеден болмаған. Үшінші сетте сол қолмен соққы жасаған сәтте аяғы тайып кетіп, бар салмағымен аяқ ұшына құлаған. Соның салдарынан байламдарының бір бөлігі зақымданған.
«Бұрын-соңды мұндай жарақат алмағанмын. Енді арнайы жаттығулар жасау керек. Өкініштісі, бұл Алматыда болды. Дегенмен, маусымның соңына қарай жарақат алғаным жақсы, келесі маусымға дейін қалпыма келуге уақытым болады», – деді Бублик.
Еске салайық, Бублик жартылай финалда Медведевке қарсы матчтың алғашқы сетінде 3:6 есебімен жеңіліп, кездесуді жалғастырудан бас тартты. Бұған дейін ширек финалда Карен Хачановты үш сетте жеңген болатын. Ал турнир финалында Медведев грузиялық Николоз Басилашвилимен кездеседі.