Медведев грузиялық Николоз Басилашвилиді үш сетте 6:7 (6:8), 6:1, 6:3 есебімен жеңді
Даниил Медведев 17–25 қазан аралығында Almaty Arena кешенінде өткен ATP 250 санатындағы Almaty Open турнирінің жеңімпазы атанды.
Әлемдік рейтингте бесінші орында тұрған және турнирде бірінші нөмірмен тіркелген ресейлік теннисші финалда әлемнің 128-ракеткасы, грузиялық Николоз Басилашвилиді үш сетте 6:7 (6:8), 6:1, 6:3 есебімен жеңді.
Шешуші кездесу 1 сағат 53 минутқа созылды. Әсіресе алғашқы партия тартысты өтті. Басилашвили қарсыласына лайықты қарсылық көрсетіп, тай-брейкте 8:6 есебімен басым түсті.
Алайда екінші сетте Медведев ойын тізгінін толық өз қолына алды. Ресейлік теннисші доп қабылдауда сенімді әрекет етіп, қарсыласының доп беру геймдерінде қысымды күшейтті. Нәтижесінде ол партияны 6:1 есебімен жеңді.
Шешуші сетте Медведев басымдығын сақтап, тағы бір брейк жасап, кездесуді 6:3 есебімен өз пайдасына аяқтады.
Матч барысында ресейлік теннисші 22 эйс жасап, төрт қос қателік жіберді және он брейк-пойнттың төртеуін сәтті пайдаланды. Ал Басилашвили үш эйс орындап, үш қос қателікке жол берді. Сондай-ақ Медведев белсенді ұтып алған ұпайлар саны бойынша қарсыласынан басым түсті — 26:17.
Айта кетейік, грузиялық теннисші Almaty Open турниріндегі өнерін іріктеу кезеңінен бастап, финалға дейін жетті. Жартылай финалда Басилашвили грекиялық Стефанос Циципасты жеңді.