Елена Рыбакина денсаулығына байланысты WTA турнирінен бас тартты

Теннисші жанкүйерлеріне арнайы мәлімдеме жасады

Getty Images
Getty Images

Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина денсаулығына байланысты АҚШ-тың Индиан-Уэллс қаласында өтіп жатқан WTA қорытынды турниріне қатыспайтын болды.

Теннисші жанкүйерлеріне арнаған мәлімдемесінде биылғы маусымды жоғары деңгейде өткізгенімен, қазіргі физикалық жағдайы жарысты жалғастыруға мүмкіндік бермейтінін айтты.

«Жанкүйерлеріме және мені қолдайтын жандарға жағымсыз жаңалықты жеткізуге мәжбүр болғаныма қатты өкінемін. Өкінішке қарай, биылғы WTA қорытынды турнирінен бас тартуыма тура келді. Маусымды керемет өткіздім, алайда қазіргі уақытта ағзам жарысқа қатысуға физикалық тұрғыдан дайын емес.

Алдағы уақытта үйде болып, демаламын, күш жинап, 2027 жылғы маусымға дайындаламын. WTA қорытынды турнирі мен үшін ерекше жарыс. Барша қатысушыға сәттілік тілеймін. Наурыз айында Индиан-Уэллске қайта оралуды асыға күтемін», – деді Рыбакина.

Қазақстандық теннисшінің орнына турнирдің бірінші тобында украиналық Марта Костюк өнер көрсетеді. Ол 8 қарашада чехиялық Линда Носковамен кездесіп, одан кейін америкалықтар Кори Гауфф пен Джессика Пегулаға қарсы ойнайды.

Айта кетейік, Елена Рыбакина өткен жылы Эр-Риядта өткен WTA қорытынды турнирінде бірде-бір рет жеңілмей, чемпион атанған еді. Осылайша, ол биылғы жарыста титулын қорғай алмайды.

Рыбакина 2026 жылғы маусымды 54 жеңіс және 14 жеңіліспен аяқтаған. Сондай-ақ ол төрт турнирде топ жарған: Australian Open, Штутгарт пен Нинбодағы жарыстар және US Open.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам