Қазақстандық теннисшінің орнына бірінші топта украиналық Марта Костюк өнер көрсетеді
Әйелдер теннис қауымдастығы (WTA) қазақстандық теннисші Елена Рыбакинаның 2026 жылғы маусымның қорытынды турниріне қатыспау себебін ресми түрде түсіндірді. Әлемнің бірінші ракеткасы жарыстан вирустық инфекцияға байланысты бас тартқан.
WTA мәліметінше, 27 жастағы қазақстандық спортшыға қатысты медициналық шешім турнир басталар қарсаңында қабылданған. Индиан-Уэллсте 8-15 қараша аралығында өтетін жарыста Рыбакина былтыр жеңіп алған чемпиондық атағын қорғауы тиіс еді.
Бұған дейін теннисші жанкүйерлеріне үндеу жасап, қазіргі физикалық жағдайы жарысқа қатысуға мүмкіндік бермейтінін айтқан болатын.
«Жанкүйерлеріме және мені қолдайтын жандарға жағымсыз жаңалықты жеткізуге мәжбүр болғаныма қатты өкінемін. Өкінішке қарай, биылғы WTA қорытынды турниріне қатыса алмаймын. Маусымды керемет өткіздім, алайда қазір ағзам жарысқа физикалық тұрғыдан дайын емес. Үйде біраз уақыт демалып, күш жинап, 2027 жылғы маусымға дайындаламын», – деді Елена Рыбакина.
Қазақстандық теннисшінің орнына бірінші топта украиналық Марта Костюк өнер көрсетеді. Ол алғашқы кездесуін чехиялық Линда Носковамен өткізеді. Сондай-ақ бұл топта америкалық Кори Гауфф пен Джессика Пегула бақ сынайды.
Айта кетейік, Рыбакина 2025 жылы Эр-Риядта өткен WTA қорытынды турнирінде жеңіліссіз чемпион атанған еді. Қазақстандық спортшы 2026 жылғы маусымды 54 жеңіс және 14 жеңіліспен аяқтап, төрт ірі жарыста топ жарған: Australian Open, Штутгарт пен Нинбодағы турнирлер және US Open.