Ол балағат сөзді украиналық теннисшіге емес, бір топ жанкүйерге қарата айттым деп ақталды
WTA-ның жыл қорытындысы турнирінде топтан шыға алмай қалған Беларусь теннисшісі Арина Соболенко шешуші матчта эмоциясын жасыра алмаған еді. Украиналық Элина Свитолинадан жеңілгеннен кейін ол кортта балағат сөздер айтқан және мұнысы тікелей эфирде көрсетілді.
Осы жайттан кейін Соболенко әлеуметтік желіде жазба жариялап, көпшіліктен кешірім сұрады. Оның сөзінше, балағат сөздер қарсыласына бағытталмаған. Трибунада отырған бір топ жанкүйер жүйкесіне тиіп, эмоцияға ерік берген көрінеді.
«Менің бұл сөздерім Элинаға арналған жоқ. Мен сабыр сақтауым керек еді, егер айтқан сөздерім біреуді ренжіткен болса кешірім сұраймын», - деп жазды ол Instagram-парақшасында.
Еске салайық, АҚШ-та өтіп жатқан WTA-ның жыл қорытындысы турнирінің финалына ресейлік Мирра Андреева мен украиналық Элина Свитолина шықты. Соболенко топтық кезеңде үш кездесу өткізіп, оның екеуінде жеңілді.