Рыбакина турнирде Ига Швёнтек пен Кори Гауффтан кейінгі үшінші ракетка атанды
Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакинаға Олимпиада ойындарының жеребесі қиын түсті.
Әлемнің төртінші ракеткасы Рыбакина алғашқы айналымда Румыния теннисшісі Кристиан Жаклинмен ойнайды. Бұл кезеңнен сәтті өтсе, Наоми Осака (Жапония) — Анжелика Кербердің (Германия) қай жеңгенімен кездеседі. Ал жартылай финалда ол Ига Швентекпен жолығуы мүмкін.
Жеребе тарту кезінде Рыбакина турнирде польшалық Ига Швёнтек пен америкалық Кори Гауффтан кейінгі үшінші ракетка атанды.
Тағы бір қазақстандық Юлия Путинцева украиналық Марта Костюкпен шеберлік байқасады.
Ерлер арасында Қазақстанның бірінші, әлемнің 25-ракеткасы Александр Бублик алғашқы айналымда американдық Тэйлор Фрицпен өзара кім мықтыны анықтаса, Александр Шевченко чехиялық Якуб Меншиктің шамасын байқап көреді.
Жұптық сынның жеребесі:
Александр Бублик пен Александр Недовесов (Қазақстан) - Тьяго Сейбот Уайлд пен Тиаго Монтейро (Бразилия).
Олимпиадада теннис жарыстары 27 шілде мен 4 тамыз аралығында Ролан Гаррос стадионында өтеді.