Спортшының төртжылдықтың бас додасында қатыспауының себебі белгісіз
Қазақстанның бірінші, әлемнің төртінші ракеткасы Елена Рыбакина Париж олимпиадасына қатыспайды.
Бұл ақпаратты журналист Аян Төлеген растады. Бұған дейін Рыбакинаның Парижге бармағаны туралы сыбыс тарап, жанкүйерлер уайымдай бастаған. Енді ақпарат расталды.
«Бұл шынымен де солай. Білуімше, Елена Рыбакина жекелей сында да, аралас жұптық сында да бақ сынамайды», - деп жазды Аян.
Әзірге спортшының төртжылдықтың бас додасында қатыспауының себебі белгісіз.
Бұған дейін Рыбакина Олимпиаданың алғашқы айналымында Румыния теннисшісі Кристиан Жаклинмен ойнайды деп жазғанбыз.
Жалпы, жеребе тарту кезінде Рыбакина Париж олимпиадасында польшалық Ига Швёнтек пен американдық Кори Гауффтан кейінгі үшінші ракетка атанды.
Олимпиадада теннис жарыстары 27 шілде мен 4 тамыз аралығында Ролан Гаррос стадионында өтеді.