
Қазақстанның бірінші ракеткасы биылға үш турнирге қатысып, үшеуінде де жеңіліп қалған
Елена Рыбакинаның физикалық дайындығына жауапты болған бапкер Азуз Симсич командадан кетіп қалды. Бұған дейін бас жаттықтырушысы Горан Иванишевич те қазақстандық теннисшімен жұмыс істеспейтінін айтқан болатын.
Бұл туралы экс-теннисші Рене Стаббс өзінің подкастында мәлімдеді. Ол Иванишевич кеткендіктен осындай шешім қабылдаған көрінеді.
Еске салайық, Елена Рыбакина биыл үш турнирге қатысып, үшеуінде де жеңіліп қалды. Соңғы рет ол Катардағы WTA 500 санатындағы жарыста әлемнің екінші ракеткасы Ига Швентекке (Польша) есе жіберді.
Рыбакина бапкерлерінің отставкасының себебі нақты айтылмай келеді. Спорт журналистері бұған теннисшінің бұрынғы бапкері Стефано Вуковпен қайта қосылуы себеп дейді. WTA оны теннистен бір жылға шеттеткеніне қарамастан Елена экс-бапкерін командаға шақыртып алған. Тіпті, биылғы Australian Open турнирі кезінде Монрельдағы қонақ үйдің бір бөлмесінде бірге тұрыпты.
Қазіргі таңда қазақстандық теннисшіні италиялық маман Давиде Сангвинетти жаттықтырып жүр.