
Рыбакинаның келесі қарсыласы — украиналық теннисші Элина Свитолина
Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина бүгін Мадридтегі «Мастерс» турнирінің үшінші айналымында өнер көрсетеді.
Кездесу алдында Рыбакина «Больше» жобасына сұхбат беріп, жаңа жалпы физикалық дайындық бойынша жаттықтырушысы Альдо Чиари жайлы, тығыз кестесі мен алғаш көлік жүргізу тәжірибесі туралы айтып берді.
Жаңа жаттықтырушысы туралы
Майамиден кейін жұмыс істей бастадық. Әзірге бәрі өте ұнайды. Ол бізге жаңа құрылғылар әкелді, солармен жаттығып жатырмыз. Маған ұнайтын жаңа әдістер бар. Ол біздің физиотерапевт пен остеопаттың тілін жақсы түсінеді. Командадағы жылы қарым-қатынас көңілімнен шығады.
Көлік жүргізу туралы
Маусым алдындағы дайындық кезінде жүргізуші куәлігін алдым. Екі апта автомектепке барып, жаттығуға дейін мүмкіндігінше көп сағат жүргізуге тырыстым. Бастапқыда көлік жүргізуден сәл қорқатынмын. Оның үстіне Дубайда кей таксистер қалай болсын солай жүргізеді, бір бұрылыстан өтіп кетсең, 10 минутың жоқ деп санай бер. Қазір көлікті сенімді түрде жүргіземін. Ақпанда Дубайдағы турнир кезінде корттарға өзім барып жүрдім.
Рыбакинаның келесі қарсыласы — украиналық теннисші Элина Свитолина. Жеке кездесулерде Рыбакина 3:2 есебімен алда тұр. Екі соңғы матч 2024 жылы Уимблдон мен Ролан Гарроста өтіп, екеуінде де Қазақстанның бірінші ракеткасы жеңіске жеткен.