
WTA оны бір жылға бапкерлік қызметтен шеттеткен болатын
Страсбургтегі WTA 500 турнирінің чемпионы атанғаннан кейін қазақстандық теннисші Елена Рыбакина өзінің бапкерлер штабына, соның ішінде атышулы Стефано Вуковкқа алғысын айтты.
Еске салайық, турнирдің финалында Рыбакина ресейлік Людмила Самсонованы жеңген болатын – 6:1, 6:7 (2:7), 6:1.
«Физикалық дайындық бойынша бапкеріме, физиотерапевтіме және Стефаноға, сондай-ақ отбасыма ерекше алғысымды айтамын. Менде керемет команда бар. Алдағы уақытта Страсбургке қайта ораламыз», - деді Рыбакина матчтан кейін.
Еске салайық, былтыр WTA ұйымы Стефано Вуковты бапкерліктен бір жылға шеттетіп, Рыбакинаға жоламауға шешім шығарған болатын. Өзге теннисшілер хорват маманының Рыбакинаға жиі балағат сөздер айтып, оны күйзеліске ұшыратқанын мәлімдеген еді. Тіпті, жарыстарда Вуковтың теннисші қызбен бір бөлмеде жататыны да айтылды. Соған қарамастан, Елена Рыбакина бапкерін жанынан тастамай алып жүр.