Ол Аустралияға аттанар алдында соңғы дайындықтарын пысықтап жатыр.
Бұл күндері Дубайда бокстан әлем чемпионаты өтіп жатыр. IBA ұйымдастырып жатқан аламанда жанкүйерлер арасында қазақстандық танымал теннисші Юлия Путинцева жүр екен. Оңтайлы сәтті пайдаланып, теннисшімізді әңгімеге тарттық.
Әлем чемпионаты өтіп жатқанын естідік. Боксшыларымызды қолдауға арнайы келдім. Алға, Қазақстан! - деді ол.
Сонымен қатар теннисші маусымды қорытындылап өтті.
Қазір қазақстандық теннисшілер Дубайда жаттығу жасап жатыр. Айдың соңына қарай Аустралияға аттанамыз. Соған соңғы дайындықты пысықтап жатырмыз.
Маусым мен үшін ауыр болды, белгілі бір себептер әсер етті. Келесі маусымда бәрі жақсы болады деп ойлаймын. Бастысы, көңіл күй жақсы.
Жаттығуға кіріскеніме бүгін екінші күн. Ауыр соқты, біртіндеп кірісеміз. Ойдағыдай болады деген үміттемін, - деді ол.
Сөз соңында ол жақында ғана Халықаралық Даңқ залына аты енген Геннадий Головкинді құттықтады.
Өте керемет жетістік. Геннадий үшін қуаныштымын. Лайықты спортшы. Осындай әлем мойындайтын спортшыларымыз көбейе берсін, - деді Путинцева.