Қазақстанда VAR жүйесі 2022 жылдан бері қолданыста
Қазақстан Премьер-лигасының төртінші турында Петропавлда «Қызылжар» мен «Жеңіс» кездесті. Матчтан кейін «Қызылжар» клубының бас бапкері Әли Әлиев VAR жүйесін сынға алды.
«VAR (Video assistant referee) туралы айтқым келіп тұр. QFL осыны реттесін. Өйткені нешінші ойын екені де есімде жоқ, VAR-дың істемей тұрғаны бірінші рет емес. Тек біз ғана емес, ертең қарсылас команда да шағым айтуы мүмкін. Істемей тұруы немен байланысты екенін түсінбедім. Сондықтан QFL басшыларын осы жағын қолға алуды сұраймын. Ойындарды ұйымдастыруда нақтылық керек. Өткен турда соққан голымызды есепке алғанда үш ұпайға ие болар едік. Клуб төрешілердің барлық шығынын көтереді. Сол себепті мұндай қателік жіберілмесін. Ондай сәтте қатаң шешімдер қабылдануы тиіс», - дейді Әли Әлиев.
Айта кетейік, аталған матчта Әлиевтің командасы Астанадан келген клубты 4:0 есебімен ойсырата жеңді.