Магомед Адиевтің «Ахматы» соңғы 6 ойынның бірде-бірін жеңе алмады

Редактор
25.08.2024, 12:04

Грозныйлық клуб аутсайдерлер зонасында келеді

Ахмат ФК

Қазақстан құрамасын баптаған Магомед Адиев Ресей Премьер-лигасын сәтсіз бастады. Ол жаттықтыратын Грозныйдың «Ахмат» футбол клубы чемпионатта өткізген алты матчтың бірде-бірін жеңе алған жоқ.

РПЛ-дың алтыншы турында «Ахмат» өз алаңында «Химкиді» қабылдаған болатын. Адиев шәкірттері 0:2 есебімен жеңіліп жатып керемет камбэк жасады, десе де жеңіске жете алған жоқ. Матч аяқталуға 20 минут қалғанда грозныйлықтар қатарынан үш гол соғып, есепте алға шыққан. Ал, 90+9 минутта «Химки» үшінші голын соғып, тең нәтижеге қол жеткізді.

Алты матчта төрт ұпай жинаған «Ахмат» осылайша аутсайдерлер қатарында келеді. Көш басында «Зенит», «Динамо М» және «Локомотив М».

Айта кету керек, «Ахмат» сапына биылдан бастап Қазақстан құрамасының шабуылшысы Максим Самородов қосылған. Алайда, жарақатына байланысты ол әлі дебюттік ойынын өткізген жоқ.