«Әйел затына оңай емес». Қарағандыда екі финалдық кездесу өтпейтін болды

Редактор
27.09.2024, 14:26

Бас бапкер қыздардың жарақат алғанын айтты

ҚБФ

Бокстан Қазақстан әйелдер құрамасының бас бапкері Елдос Сайдалин Қарағандыда өтіп жатқан "Мықтылар турниріне" қатысты пікір білдірді. 

Olympic.kz-ке сұхбат берген бас бапкер жарақатқа байланысты екі финалдық кездесу өтпейтінін айтты.

"Жарыс өте жоғары деңгейде өтуде. Басталған алғашқы күннен бері қарай әр жекпе-жекті қадағалап отырмын. «Кім қалай жұдырықтасып жатыр? Қай боксшының жеңіске деген құлшынысы жоғары? Кім қандай айла-тәсіл жасады» барлығы жеке бақылауымда. Бүгін финалда чемпиондар анықталады. Ары қарай жарысты қорытындылап, қарашада Иорданияда өтетін Азия чемпионатына баратын қыздарымызды анықтаймыз. Қыздар бірінші рет бас киімсіз жұдырықтасып жатыр. Сондықтан болар жекпе-жек барысында жарақат алып қалғандар көп болды. Бас киімсіз жұдырықтасқанда қалай қорғану керектігін әлі жете түсінбегеннен шығар деп ойлаймын”, – деді Елдос Сайдалин.

Жаттықтырушыларға да арнайы тапсырма берілген.

“Азия біріншілігіне дейін осы тұрғыда барынша жұмыс атқарамыз. Жаттықтырушыларға да арнайы тапсырмалар беруде. Бас киімсіз жұдырықтасу әйел затына оңай емес. Бірақ, талап солай болды. Енді соған бейімделіп, жаңа ережеге бағынуға тура келеді. Бүгін боксшылардың жарақат алуынан кейін екі салмақта финалдық кездесулер болмайды",- деді Сайдалин. 

Материалда: