Жарнама
Жарнама
Жарнама
Жарнама
222 000 тг

Лицензия №23019645 от 06.09.2023

200 000 тг

Лицензия №22020324 от 02.11.2022

2 500 000 тг

Лицензия №21031283 от 08.11.2021

Жарнама
Жарнама

«Марат Омаров екі сөйледі»: QFL басшысы Ерлан Жамантаев қалай алданып қалғанын айтты

Редактор
28.02.2025, 10:29

ҚФФ-нің жаңа президенті оған бірнеше қызмет ұсынып, ақыры далада қалдырған көрінеді

коллаж: 1bol.kz

Соңғы 10 жыл бойы футболдан Қазақстан чемпионатын ұйымдастырып келген Қазақстан Кәсіпқой футбол лигасы 2025 жылғы маусым қарсаңында бұл құқығынан айрылды. Қазақстан футбол федерациясы осындай шешім шығарған. Лига президенті Ерлан Жамантаев федерация басшылығының бұл әрекеті лиганың ғана емес, қазақстандық футболдың беделіне нұқсан келтіру деп санайды. Оның сұхбаты QFL сайтында жарияланды.

Жамантаев федерация президентінің лиганы чемпионат ұйымдастыру құқығынан айыруы күтпеген шешім болғанын айтты. Себебі өзара кездесуде әңгіме мүлдем бөлек болған көрінеді. 

«Өздеріңіз білетіндей, мен де федерация президенті қызметіне үміткер болдым және аймақтық федерациялардың басым бөлігі маған дауыс беретінін білдім. Дегенмен сайлауға бірер күн қалғанда министр Ербол Мырзабосыновпен кездесіп, ол футболды дамытуға тың көзқарасы бар және қаржы ағынын реттеуге ниетті Марат Талғатұлын қолдауға шақырды. Ойлана келе, Омаровтың идеяларына сеніп, өз кандидатурамды федерация президенттігінен алып тастағаныммен, ҚКФЛ президенттігіне өз кандидатурамды ұсындым. Сөйтсем, ҚФФ президентінің бұл орынға өз жоспары болған екен. Омаров сайлауға Айдын Қожахметтің кандидатурасын ұсынды. Бірақ ол небәрі 3 дауыс жинады, ал мен 31 дауыс алдым. Осыдан кейін федерация лиганы жабу және оның барлық құқықтарын қайтарып алу туралы ресми хабарлама жіберді», - дейді Жамантаев. 

Лига басшысы федерация президентінің әрекетін түсіндіру үшін министрге барған. Ведомство басшысы және Марат Омаровпен кездесуде ол барынша қолдау көрсетуге дайын екенін айтқан, алайда іс жүзінде бәрі басқаша өрбіген. Айтуынша, туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың өзі ықпал ете алмаған тәрізді.

«Министрдің көзінше федерация басшысы маған қолдау көрсетілетініне уәде берді, тіпті ҚФФ вице-президенті қызметін ұсынды. Бірақ ертеңіне лигаға құқықтарды кері қайтарып алу туралы ресми растау келіп түсті. Сонымен қатар, ҚФФ лигаға өткен маусымда сатқан құқықтардың 50%-ын қайтаруды талап етті, бұл 500 миллион теңгеден астам қаражатты құрайды. Бұл әрекет – мені ғана емес, министрді де құрметтемеу», - дейді ол.

Жамантаев федерация басшысымен тағы кездесіп, мәселенің мән-жайын сұраған. Омаров лига басшысына бастапқыда айтқан вице-президенттің орнына Чемпионатты өткізу дирекциясын басқаруды ұсынған. Алайда көп ұзамай шешімін қайта өзгертіп, бұл лауазымға Алматының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбектің көмекшісін тағайындапты. 

«Омаров өз шешімін тағы да өзгертіп, клубтармен жиналыста чемпионатқа жауапты адамды өзі тағайындайтынын мәлімдеді. Ол қызметке футбол саласында мүлде тәжірибесі жоқ, бұрын мұнай-газ саласында жұмыс істеген адамды қойды. Ол Алматының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбектің көмекшісі болған. Ал маған Техникалық орталықтың директоры қызметін ұсынды. Мен бұл ұсынысты өзімді қорлау деп санадым. Өйткені менің 9 әріптесім жұмысынан айырылып, табыссыз қалды», - деп ренішін білдірді лига басшысы. 

Ерлан Жамантаев Марат Омаровты монополия құрып алды деп айыптап отыр. 

«Ол Монополияға қарсы агенттікті басқара отырып, футболда өзіне тиімді монополия орнатуда. Қазіргі жағдай кәсіби футбол үшін өте өкінішті. Лига өзінің тәуелсіздігін қалыптастыру жолында көп жұмыс атқарды. Еуропалық кәсіпқой лигалардың толыққанды мүшесі болуға жақын қалған едік. Алайда, бір қате шешімнің кесірінен 10 жыл артқа кетуіміз мүмкін», - дегенді алға тартты ол.

Ал федерация тарапы Жамантаевтың бұл айыптаулары орынсыз деп отыр. Кәсіби клубтар арасында жарыстар өткізу дирекциясының басшысы Бақытжан Пазылхайырдың сөзінше, лига басшысы осыдан бірер күн бұрын ғана ҚКФЛ жұмысындағы қателіктер барын мойындаған.

«Осы уақытқа дейін Қазақстан футбол федерациясы мен Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы арасында жарысты ұйымдастыру бойынша келісімшарт болды. Алайда бұл ұйым, әсіресе қаржылық басқару және шығындардың ашықтығы мәселелерінде өзінің тиімсіздігін көрсетті. Жақында кәсіби клуб өкілдерімен өткен жиналыста Ерлан Айтпайұлының өзі ҚКФЛ жұмысының ашық емес екенін атап өтіп, келісімшарттар жасаудағы қателіктерді көрсетіп, федерация жүргізіп жатқан реформаларға толық келісімін білдірді», - деді Пазылхайыр.

Жамантаев болса екі тарап арасында келісім орнауы үшін федерация басшылығы қателігін толық мойындауы керек деген пікірде. 

«Егер ол өз қателігін мойындап, лиганың заңды құқықтарын қалпына келтірсе ғана, қандай да бір келісім туралы айтуға болады», - дейді Жамантаев.

Ал дирекция басшысы қазір дауласып отыратын уақыт еместігін, жанкүйерлер үшін сапалы футбол ұйымдастыру басты мақсат екенін тілге тиек етті.

Еске салайық, Қазақстан футбол федерациясының президенті былтыр желтоқсан айында сайланды.

Жарнама
Жарнама