Астаналық команда турнир кестесінде бір сатыға жоғарылады
«Сібір» хоккей клубы Құрлықтық хоккей лигасының легионерлер туралы талабын бұзғаны үшін жазаланды. Яғни, легионер лимиті бұзылған төрт ойын үшін «Сібірге» жеңіліс жазылды деп хабарлады ҚХЛ-дің баспасөз қызметі.
Аталған төрт ойынның екеуі «Барысқа» қарсы өткен болатын. 4 қыркүйекте «Сібір» Астанада овертаймда 5:4 есебімен жеңіске жетсе, 7-не өз айдынында 1:0 есебімен тағы жеңді.
«Құрлықтық хоккей лигасының тұрақты чемпионатының №2 "Авангард" - "Сібір", №13 "Барыс" - "Сібір", №30 "Сібір" - "Барыс", №39 "Сібір" - "Автомобилист" ойындарында "Сібір" командасымен ҚХЛ спорттық регламентінің 41-бабы 2-тармағының 2.3 тармақшасы бұзылды, яғни айдынға шығуы тиіс шетелдік ойыншылардың лимиті асып кетті. Аталған матчтарда келесі ойыншылар айдында болды: Энди Андреофф, Тэйлор Бек, Федор Гордеев және Тревор Мерфи.
ҚХЛ Тәртіптік регламентінің 30-бабы 4-тармағына сәйкес, клубқа ақшалай айыппұл салынып, ойындардың нәтижесі жоққа шығарылады. «Сібір» хоккей клубына жеңіліс жазылады», - делінген аталған хабарламада.
Осы шешімнен кейін «Барыс» қосымша екі ұпай алып, Шығыс конференциясында 44 ұпаймен 11-орынға тұрақтады.