Өзбекстанда өткен шахматтан әлем чемпионатында қазақстандық шахматшылар жүлдесіз қалды

Редактор
28.12.2023, 22:19

Бибісара Асаубаева үшінші орнын сақтап қала алған жоқ

FIDE

Өзбекстанның Самарқанд қаласында шахматтың рапид түрінен әлем чемпионатын аяқталды. Жарысты әйгілі норвег шахматшысы Магнус Карлсен жеңіп алды деп хабарлайды Vesti.kz.

Карлсен 13 турдан 10 ұпай жинаған. Осылайша ол жылдам шахматтан әлемнің бес дүркін чемпионы атанып отыр. Бұған дейін ол 2014, 2015, 2019 және 2022 жылдары жеңімпаз болған.

Екінші орынды Словения атынан ойнаған ресейлік Владимир Федосеев иеленсе (9,5 ұпай), үздік үштікті қытайлық Юй Янъи (9) қорытындылады.

Ал, әйелдер арасында бірінші орын ресейлік Анастасия Боднарукке бұйырды. Шешуші ойында ол Үндістанның өкілі Хампи Конеруді жеңді. Ал, үшінші орынды қытайлық Дэй Тинцзе иеленіп отыр. Үш шахматшы да 8,5 ұпайдан жинаған. Алайда, қосымша көрсеткіштері жоғары болғаны үшін Бондарук пен Конеру өзара тай-брейк ойнады.

Ал, бүгінге дейін үшінші орында келген қазақстандық Бибісара Асаубаева жүлдеге іліне алмады.