Қазақстан спортшылары 2024 жылы қандай халықаралық жарыстарға қатысады?

Редактор
04.01.2024, 15:58

Ең үлкен жарыс – жазғы Олимпиада ойындары болмақ

Фото ашық дереккөзден

Еліміздің Туризм және спорт министрлігі биылғы маңызды жарыстар тізімін жариялады. Жыл басындағы ірі спорттық жарыс IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасымен бастау алмақ. 

19 қаңтар мен 1 ақпан аралығында Оңтүстік Кореяның Канвондо қаласында өтетін IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасына Қазақстан спортшылары да қатысады. Қазіргі уақытта ел құрамасында 5 спорт түрі (10 дисциплина) бойынша 30 лицензия бар (42 спортшы).

Биыл әлем көз тігіп отырған Париждегі жазғы Олимпиада ойындары 26 шілде мен 11 тамыз аралығында жалауы желбірейді. Әлемнің 205 елінен келген 10 мыңнан астам спортшының қатысуымен өтетін төртжылдықтың басты жарысында спорттың 32 түрінен 329 медаль жиынтығы сарапқа салынбақ.

Бұл сында Қазақстан ұлттық құрамасы спорттың 20 түріне қатысуды жоспарлап отыр. Бүгінгі таңда жерлестерімізде спорттың 8 түрі бойынша (садақ ату, велошоссе, оқ ату, қазіргі бессайыс, грек-рим күресі, еркін күрес, спорттық гимнастика және бокс) 17 жолдама иеленіп үлгерді. Дегенмен, әлі де олардың санын көбейту мүмкіндігі мол.

Еліміз үшін жылдың маңызды тарихи оқиғасына 2024 жылғы 8-14 қыркүйек аралығында елордада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары кіргелі отыр. Қазақстанға әлемнің 100-ден астам елінен делегациялар келеді деп күтілуде. Ойындардың бірегейлігі – спорттық, мәдени және ғылыми бағдарламалардың ұштасуында. Бағдарламаға 20 жарыстық және 10 көрнекі спорт түрі кіріп, 110 медаль жиынтығы ойнатылады. Жарыс ат спорты, ұлттық күрес, садақ ату, құстармен аң аулаудың түрлері, дәстүрлі зияткерлік ойындар бойынша өтеді. Қазіргі уақытта ұлттық құрама даярлықты бастады, командалар құрамы қалыптасуда, оқу-жаттығу шаралары өткізіліп жатыр.

2024 жылы Астанада әйелдер арасындағы бокстан әлем чемпионаты өтеді. Бұл туралы Ташкентте (Өзбекстан) өткен Халықаралық бокс қауымдастығының (IBA) ресми отырысында хабарланған болатын. IBA Федерациясы президентінің айтуынша, турнирдің жалпы жүлде қоры 4,8 миллион АҚШ долларын құрайды. Әлем чемпионы атанған боксшы 200 000 АҚШ долларын алады.

Сондай-ақ, қараша айында Астана қаласында самбодан әлем чемпионаты жоспарланған. Өткен жылы күзде Ереванда өткен самбодан 48-ші әлем чемпионатына 65 ел қатысып, жалпы есепте Қазақстан құрамасы 1 алтын, 2 күміс және 5 қоламен үшінші орынға табан тіреген еді.