Ол алғашқы екі сетте басымдықты беріп қойды
Теннистен Аустралия ашық біріншілігінде әлемнің №1 ракетасын Новак Джокович жартылай финалда италиялық Янник Синнерден (№4) ұтылып қалды. Сербия спортшысы қарсыласына 3:1 есебімен жол берді.
Кездесудің бірінші және екінші сетінде Янник Синнер 6:1, 6:2 есебімен айқын жеңді. Ал үшінші сетте Джокович тай-брейкте басым түсіп, есеп айырмасын қысқартқан болатын. Алайда, төртінші сет ол үшін сәтсіз аяқталды. 4-ші геймді қарсыласына беріп қойған Сербия теннисшісі ары қарай нәтижесін жақсарта алмады. Соңғы кезең 3:6 есебімен Синнердің пайдасына шешілді.
Аустралияда бірнеше күннен бері өтіп жатқан дәстүрлі үлкен дулыға турнирінің жартылай финалдық кездесуінде жеңіске жеткен Синнер финалға жолдама алды. Енді ол Дмитрий Медведев пен Александр Зверев арасындағы кездесудің жеңімпазымен турнир чемпионын анықтайды.