Ермаштың Бразилиядағы оқиғасы: 20 минут картинасыз тікелей эфир жүргізіп, Ұлттық арнаны "құтқарды"

Биылғы «Арсенал» былтырғыдан күшейді ме?

25.04.2024, 18:50

Лондондық команда қазір АПЛ көшін баастап келеді

Биылғы «Арсенал» былтырғыдан күшейді ме?
Getty Images

Англия чемпионы болмағанына 20 жыл өткен "Арсенал" былтыр соңғы турларда қожырап, "Сити" гегемониясына қарсы тұра алмай қалған еді. 

Биыл "лондондықтар" күшейді. Өткен жазда командаға қосылған Деклан Райс, Кай Хаверц және жалға алған қақпашысы Давид Райя кәдімгідей күш әкелді. Юрриен Тимбер жарақат алмағанда, "Арсенал" қорғанысы бұдан да мығым болар еді. Бірақ Такехиро Томиясу да осал емес.

Деклан Райстың трансфері бәрін бақытты етті. "Байер" сапына ауысқан Гранит Джака рекордтан рекорд жаңартып, чемпион атанып жатыр. Деклан Райс келген соң "Арсенал" командасының ортаңғы шебі де ешкімге дес бермейтін болды. Үстемдік құратын болды, командада баланс пайда болды. "Сити" – Родри, "Арсенал" – Деклан Райс. "Ел боламын десең бесігіңді түзе", ал команда боламын десең тесігіңді қымта. Орта сақа. Ақылды хавбек. Баланс.

"Арсенал" бақытына орай Деклан Райс жарақат алмай, маңызды матчтың бәрінде ойнап келеді. "Лондондық" клубтың тұрақты түрде үстемдік етуі де содан.

Давид Райя "Брендфордтан" жалға алынған қақпашы. "Арсенал" қорғанысы – дәл қазір Англияда үздік. Гол салу/гол салдыру сальдосы керемет (34 матч: 82-26). Рамсдейл де жақсы қақпашы, бірақ бас бапкер кәміл сенетін кипер емес.

Кай Хаверц системный футболшы екенін басында айтқанбыз. Оның интеграциясы сәтті жүзеге асатын болса, "Арсенал" форвардсыз да өндіріп гол салатын, таза шабуылшысыз да матчты жыға алатын команда болады. Кай Хаверц – "Алтын доп" алатын, стадионға шоу сыйлайтын, өндіріп гол салатын футболшы емес. Ол "Арсенал" шабуылын түрлендіріп отыратын, тактикалық тосын жүріске дем беретін, идеясыздық кезінде бос кеңістік жасап беретін интеллектісі жоғары футболшы. Микель Артета неміс футболшысының жүрегіне жол тауып, командасында дұрыс рөл тауып беру үшін біршама уақытын сарп етті. Бірақ Кай Хаверц қазір карьерасындағы ең тәтті һәм ең сәтті маусымын өткізіп жатыр.

"Арсенал" араға 14 жыл салып Чемпиондар лигасының ширек финалына жетті. Прогресс.

"Арсенал" биыл чемпиондық бәйгеден әлі шыққан жоқ. Қалған төрт матчта жеңіске жетсе, 89 ұпай жинайды екен. Жалпы, "лондондықтар" соңғы рет чемпион болған маусымда (2003/2004) 90 ұпай жиған. Одан кейін мұндайды түсінде де көрмеген.

Былтыр "Арсенал" чемпионатта 84 ұпай жинады: 88 гол салып, 48 гол жіберді. Биыл жиған ұпайы, салған/жіберген гол саны бойынша былтырғыдан асып түсуі мүмкін. Бұл прогресс деп аталады.

Давид Райя – дұрыс қақпашы. Салиба – Габриэль тандемі қорғанысты тасқамал етті. Деклан Райс факторы – Жоржиньо мен Парти ойнаса да мызғымайтын баланс әкелді. Мартинелли – Троссар, Жезус – Хаверц бәсекені күшейтіп, командада тең ротация пайда болды. Сака – Эдегор тандемі одан сайын тереңдеп, кемелдене түсті.

"Арсенал" биыл чемпион болмаса да, Еуропаның ТОП командасына айналды. "Сити", "Ливерпуль", "Челси", "МЮ", "Тоттенхэм" сияқты командалардан жеңілмейтін жол тапты. Микель Артета да, "Арсенал" да кемелдене түсті. Биыл "лондондықтар" чемпион болса, шын қуанам.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам