Екеуі бір салмақта өнер көрсетеді
2016 жылғы Рио олимпиадасынан кейін кәсіпқой боксқа ауысып кеткен Данияр Елеусінов жуырда жаңалығымен бөлісетінін мәлімдеген болатын. Ал, отандық бокс маңайында жүрген журналистер оның әуесқой боксқа қайта келіп, Олимпиада ойындарына қатысуға ниетті екенін айтып жүр. Яғни, ол 71 келіде Парижде өнер көрсетуі мүмкін. Егер расымен де солай болған жағдайда қазіргі құрама капитаны – әлем чемпионы Асланбек Шымбергенов қайтпек? Prosports.kz сайтының жазуынша, капитанды Олимпиада ойындарына апармауы әбден мүмкін.
2023 жыл Асланбек үшін тәтті басталып, соңы қатты аяқталды. Ол Ташкентте өткен әлем чемпионатында қарсылас шақ келтірген жоқ. Финалда басты бәсекелесі саналған өзбек боксшысын да еш күмәнсіз жеңіп шықты. Ал, күзде болған Азия ойындарында финалға шыға алмай қалғанын білеміз. Алдымен өзбек боксшысы Асахуджа Муйдинхуджаевты техникалық нокаутпен айқын жеңді. Ал, жартылай финалда жапон боксшысы Севонрец Оказаваны қуалап жүріп сабағанымен, Асланбек төрешілерді «жеңе алмады». Салдарынан ол финалсыз және Олимпиада жолдамасынсыз қалған.
Желтоқсан айында Астанада өткен бокс кешінде Шымбергенов мексикалық боксшыдан ауыр соққы алып, жекпе-жекті жалғастыра алмады. Кездесу техникалық нокаутпен аяқталды.
Дәл осы бокс кешінде Рио олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусінов те өнер көрсеткен болатын. Ол Оңтүстік Африкадан келген Джабулани Макенса есімді боксшыны ұпай санымен жеңді. Бұл ретте назар аударатын басты жайт – Данияр Асланбектің салмағында жұдырықтасып бастады.
Елеусіновтің әуесқой боксқа оралып, Олимпиадаға баруға ниетті екенін Спорт министрлігі де, Бокс федерациясы да әлі ресми растаған жоқ. Дегенмен, sportarena.kz сайты «жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» дегенді айтып отыр, яғни сыбыстың артында шындық болуы мүмкін дейді.
«Елеусінов өз уақытында Олимпиаданы жеңіп, спорттағы шенеуніктерге өз әлеуетін көрсеткен. Ал, Парижде біздің елге алтын медаль ауадай қажет. Сондықтан, шенділер ертең іріктеу кезінде әділдік пен принцип дегенді уақытша ұмыта тұруы мүмкін», - деп хабарлады аталған сайттың инсайдері.
Дегенмен, Данияр Елеусіновтің Парижге бару-бармауы Асланбек Шымбергеновке те байланысты. Яғни, алда ақпан-наурыз айларында Олимпиада жолдамасы сарапқа салынатын турнирде ол чемпион болмаса, соңғы үшінші мүмкіндік Даниярға берілуі әбден мүмкін.
Айта кету керек, соңғы Токио олимпиадасына бокстан ұлттық құраманың бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев Асланбектің орнына өз жерлесі Абылайхан Жүсіповті алып кеткен болатын. Жүсіпов бірінші айналымнан өте алған жоқ.