
Астаналық баскетбол клубы турнир кестесінің соңғы сатысында келеді
ВТБ Біріңғай лигасында өнер көрсететін «Астана» баскетбол клубы жеңілістен көз ашар емес. Биылғы маусымда елордалық клуб небәрі бір рет қана жеңіске жетіп, қалған 35 матчта жеңілген.
Айта кетейік, соңғы ойынын «Астана» сырт алаңда «Пармамен» өткізіп, 106:73 есебімен ойсырай жеңілді. Осыдан кейін астаналық клуб ойыншысы Асқар Майдекинді әңгімеге тартып, жеңілістер сериясының қашанға дейін жалғасатынын сұрап білдік.
– Асқар, бүгін тағы ірі есеппен жеңілдіңіздер. Не себеп айтасыз?
– «Парма» жоспарлаған барлық шабуылдары мен комбинацияларын жүзеге асырды. Ал біз шабуылда сәтсіз ойнап, қарсылас команданың жеңіске жетуіне мүмкіндік беріп қойдық.
– Жеңілістер сериясы қашан тоқтайды? Жанкүйерлерді қашан қуантасыздар?
– Маусымның басынан бері ойыншыларымыздың көбі жарақат алды. Сол жарақаттарымен күресіп келеді. Бұл жағдай бүкіл жаттығу процесіне кері әсерін тигізеді. Басты ойыншымыз Ти Джей Старкс араға 4 ай салып қатарымызға қосылғанда, Григорий Мотовилов жарақат алып қалды.
Жақын арада жанкүйерлерімізді қуантамыз! Оларға қолдау үшін алғыс айтқым келеді.
– Клубта қаржылық дағдарыс жоқ па? Білкім сәтсіздікке сол да себеп шығар…
– Әрине, клуб біздің жоғары деңгейде дайындалуымызға, жақсы ойнауымыз үшін барлық жағдайды жасап жатыр. Жоғарыда айтқанымдай, барлық проблема ойыншылардың жарақатынан болып отыр.
– Уақыт тауып әңгілесекеніңізге рахмет.