Шаршы алаңға төрт боксшымыз шықты
6 желтоқсанда құрама сапынан шаршы алаңға соңғы болып 60 келінің өкілі Серік Теміржанов шықты.
Теміржанов Дубайдағы (БАӘ) Халықаралық бокс қауымдастығының (IBA) ұйымдастыруымен өтіп жатқан әлем чемпионатын жеңіспен бастады. Ол Моңғолия боксшысы Цэндбаатар Эрдэнэбатты төрешілердің ортақ шешімімен жеңді.
Оның қарсыласы – 2018 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, 2018 жылғы Азия ойындарының чемпионы, АҚШ-та жекпе-жек өткізіп жүрген кәсіби рингтегі рекорды 14-0 (6 KO) монғол боксшысы Цэндбаатар Эрдэнэбат болды.
Осылайша, бүгін рингке көтерілген былғары қолғап шеберлеріміздің барлығы жеңіске жетті. Алдымен 75 келі салмақта Сабыржан Аққалықов қарсыласын нокаутпен ұтса, 51 келінің өкілі Даниял Сәбит пен 54 келідегі Сәкен Бибосынов та біріншілікті сенімді бастады.
Ал әлем біріншілігінің алғашқы екі күнінде төрт боксшымыз өнер көрсетіп, төртеуі де келесі кезеңге жолдама алған.