Ол жартылай финалға өтті.
Қазақстандық боксшы Сабыржан Аққалықов Дубайда (БАӘ) өтіп жатқан IBA әлем чемпионатының ширек финалында жарқырай көрінді.
75 келі салмақта жартылай финал жолдамасы үшін өткен кездесуде Аққалыков Израиль өкілі Мирослав Капулер-Ищенкомен қолғап түйістірді. Екінші раундта қазақстандық боксшы басымдықты толық өз қолына алып, техникалық нокаутпен жеңіске жетті. Осы нәтижемен Сабыржан кем дегенде қола жүлдені қамтамасыз етті.
Сабыржан Аққалықов – 2025 жылы аса табысты өнер көрсеткен былғары қолғап шеберлерінің бірі. Ол биыл Астанада өткен World Boxing кубогының жеңімпазы атанып, мәртебелі «Странджа» турнирінде алтын медаль иеленді. Сондай-ақ 2025 жылғы Қазақстан чемпионатында топ жарған болатын.
Айта кетейік, IBA әлем чемпионаты 3 желтоқсанда басталды. Биыл дүбірлі додаға 118 елден келген боксшылар қатысып жатыр. Жарыстың жалпы жүлде қоры – 8,32 млн доллар.