Ол жартылай финалда қырғыз боксшысын жеңді.
Қазақстан ұлттық құрамасының боксшысы Абылайхан Жүсіпов Дубайда өтіп жатқан IBA әлем чемпионатында финалға жолдама алып, ел төртінші финалист ретінде енді.
71 келі салмақ дәрежесіндегі жартылай финалда тәжірибесі толысқан Абылайхан қырғызстандық Ихтият Нишановпен күш сынасып, үш раунд бойы анық басымдық танытты. Төрешілер де бірауыздан жеңісті қазақстандық боксшыға берді – 5:0.
Осылайша Жүсіпов финалға шыққан жерлестеріміз – Сәкен Бибосынов (54 кг), Оразбек Асылқұлов (57 кг) және Сабыржан Аққалықовқа (75 кг) қосылды.
Айта кетейік, Абылайхан Серік Сәпиевтен соң әлем чемпионатында төрт медаль алған екінші боксшы атанды.
Жүсіпов – 2024 жылы Таиландтың Чиангмай қаласында өткен Азия чемпионатының жеңімпазы. Сонымен қатар ол 2017, 2019 және 2021 жылдардағы әлем чемпионаттарының үш дүркін қола жүлдегері. 2025 жылғы Қазақстан чемпионатында алтын медаль иеленген.
Айта кетейік, IBA ұйымдастырған әлем чемпионаты 13 желтоқсанда аяқталады.