Жұмыс енді ғана басталды
Бокстан әлем чемпионы, Қазақстанға еңбек сіңірген спорт шебері Бекзат Нұрдәулетов басшылық қызметке тағайындалды. Бұл туралы спортшы өзінің Instagram парақшасында хабарлады.
Оның айтуынша, бұдан былай ол Маңғыстау облысындағы бокс бойынша олимпиадалық резервтің республикалық мамандандырылған мектеп-интернатының директоры қызметін атқарады.
«Бүгін мен үшін үлкен жауапкершілік жүктелген жаңа кезең басталды. Мені Маңғыстау облысындағы бокс бойынша олимпиадалық резервтің республикалық мамандандырылған мектеп-интернатының басшысы етіп тағайындады. Басшы болу – атақ үшін емес, жүйе қалыптастыру, жастарға жол ашу, спортты дамыту үшін. Алдымда тұрған мақсат айқын. Жұмыс енді ғана басталды», – деп жазды Бекзат Нұрдәулетов.
Осыған дейін аталған лауазымды Олимпиада жүлдегері Әділбек Ниязымбетов атқарған болатын.
Айта кетейік, Бекзат Нұрдәулетов – жастар арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері, ересектер арасындағы әлем чемпионы, Токио Олимпиада ойындарының қатысушысы. Сондай-ақ ол Азия чемпионы атанып, отандық бокстың дамуына елеулі үлес қосты.
Бокстан жартылай ауыр салмақта өнер көрсеткен спортшы 1998 жылғы 10 сәуірде Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласында дүниеге келген. 2019 жылы Екатеринбургте өткен әлем чемпионатында алтын жүлде жеңіп алып, Қазақстан қоржынына тарихи жеңіс салды. Ал 2024 жылы Азия чемпионы атанды.
Сонымен қатар, ол әуесқой бокспен қатар кәсіби рингте де өнер көрсетіп, WBO Youth нұсқасы бойынша жастар арасындағы әлем чемпионы атағын иеленді. 2019 жылы Бекзат Нұрдәулетовке «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері» атағы беріліп, сол жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен «Құрмет» орденімен марапатталды. Сондай-ақ Жаңаөзен қаласының Құрметті азаматы атанған.